ПОДЕЛИТЬСЯ
07 сәуір 2022 | 18:13
Бейсенбідегі ауыс-түйіс. Жаңа әкімдер туралы не белгілі?
Бүгін, 4 сәуірде Қазақсанда бірқатар шенеунік қызметінен кетті. Үш облыста әкім ауысты. Ол - Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстары. Tengrinews.kz тілшісі бейсенбідегі ауыс-түйіске шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін, 4 сәуірде Қазақсанда бірқатар шенеунік қызметінен кетті. Үш облыста әкім ауысты. Ол - Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстары. Tengrinews.kz тілшісі бейсенбідегі ауыс-түйіске шолу жасады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметке 2020 жылдың ақпанында тағайындалған еді.
Айта кетейік, Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысы әкімі болар алдында вице-премьер қызметін атқарды. 2019 жылы ақпанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып, бұл қызметте жарты жылдай жұмыс істеді.
Сапарбаев түрлі уақытта министрлер кабинеті аппаратының басшысы, Қызылорда облысының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, қаржы вице-министрі болды. 2014 жылы Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалған. Ал 2015 жылы қыркүйекте Ақтөбе облысының әкімі қызметіне кіріскен. 2009 жылдан бастап бес жыл Шығыс Қазақстан облысын басқарды.
Сапарбаевтың орнына Жамбыл облысының әкімі болып Нұржан Нұржігітов тағайындалды. 55 жастағы шенеунік 2021 жылдың сәуірінен бері Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған. Оған дейін 2019 жылдың тамызынан бастап Байзақ ауданының әкімі қызметін атқарып келді. Ал еңбек жолын1991 жылы механик мамандығынан бастаған.
Нұржан Нұржігітов техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.
Гүлшара Әбдіқалықова да Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатылды. Ол бұл қызметті екі жыл атқарды.
Гүлшара Әбдіқалықова Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын тәмамдаған, экономика ғылымдарының кандидаты. Ол Қызылорда облысы әкімдігіне келмей тұрып 2019 жылдың ақпанынан бастап жарты жыл премьер-министрінің орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы болған. Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы да болды.
Әбдіқалықованың орнына Қызылорда облысының әкімі болып Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалды.
46 жастағы Нұрлыбек Нәлібаев - Қызылорда облысының тумасы. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. РФ Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының 3 курс докторанты.
Бұған дейін Нәлібаев 2021 жылдың сәуірінен бастап ҚР премьер-министрі кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болған. 2008-2021 жыл аралығында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының және Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарды. Әр жылдары жеке коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы болды.
Атырау облысын 2019 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келген Махамбет Досмұхамбетов қызметінен босатылды.
Айта кетейік, Досмұхамбетов еңбек жолын 1983 жылы "Ембімұнай" бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған. 2016 жылдың қарашасынан бастап әкімдікке дейін ҚР энергетика министрлігінің бірінші орынбасары лауазымында болды.
Атырау облысының жаңа әкімі - Серік Шәпкенов. Ол Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылып, облысқа жіберілді.
Ол 2016-2020 жыл аралығында Атырау қаласы және Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ал еңбек жолын 2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастаған.
Бүгін премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне де жаңа адам тағайындалды. Ол - Динара Алимова.
"Ол премьер-министрінің коммуникациялар бойынша кеңесшісі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Одан бөлек, бүгін "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына жаңа басшы тағайындалды.
"Мемлекет басшысының өкімімен Асан Қуанышұлы Жүсіпов "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды, орнына Қуанышбек Өскенбайұлы Үштаев "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды", - делінген Ақорда хабарламасында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также