Зейнет жасына жеткен 279 мыңға жуық қазақстандық әлі күнге дейін жинақтарын алған жоқ. Шоттарда "ұмыт қалған" ақшаның жалпы сомасы 45 миллиард теңгеден асты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) азаматтар мен олардың мұрагерлерін тиісті төлемдерді алуға шақырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алушылардың үш санаты
Қордың 2026 жылғы 1 мамырдағы мәліметі бойынша, 45 миллиард теңге сомасы негізгі үш санатқа бөлінген.
Ескерусіз қалған мұра
"Ұмытылған" шоттардың жартысынан астамы - 155 217-сі - қайтыс болған салымшыларға тиесілі. Бұл қаражат жойылмайды. БЖЗҚ жинақтардың толықтай мұрагерлікке қалдырылатынын еске салады. Жақын адамы қайтыс болғаннан кейін туыстары мұрагерлік құқығын рәсімдеу үшін 6 ай ішінде нотариусқа жүгінуі қажет. Егер бұл мерзім өтіп кетсе, ақшаны қайтару тек сот арқылы жүзеге асырылады.
Шетелге қоныс аударғандар
Тағы 61 459 адам Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығуды ресми түрде рәсімдегенімен, шоттарын сол күйі қалдырған. Елден кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер бұл халықаралық шарттарға қайшы келмесе, зейнетақы жинақтарын алуға толық құқылы.
ХҚКО-ға бармағандар
62 365-ке жуық зейнеткер Қазақстанда тұрып жатыр, бірақ белгілі бір себептермен жасына байланысты зейнетақысын ресми рәсімдеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына әлі жүгінбеген.
Ақша автоматты түрде түсе бастайды
Миллиардтар мәселесін шешу үшін БЖЗҚ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп автоматты (проактивті) төлемдерді енгізіп жатыр.
Қор жыл сайын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен мәліметтер базасын салыстырып отырады. Наурыз айынан бастап ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша төлемдердің өтінімсіз тәртібі іске қосылды. Енді адам мемлекеттік бюджеттен ынтымақты немесе базалық зейнетақы алып жүрсе, бірақ БЖЗҚ-да талап етілмеген жинақтары (міндетті, кәсіптік немесе ерікті жарналар бойынша) қалса, қор зейнеткерді өзі тауып, ешқандай өтінішсіз және мекеме табалдырығын тоздырмай-ақ, ақшаны оның шотына аудара бастайды.
Қиын сәттегі көмек
БЖЗҚ сондай-ақ маңызды әлеуметтік норма туралы еске салды. Салымшы қайтыс болған жағдайда оның отбасы жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін шұғыл материалдық көмекке иек арта алады. БЖЗҚ қайтыс болған адамның жинақтары есебінен айлық есептік көрсеткіштің 94 еселенген мөлшеріне дейін (2026 жылы 406 550 теңге) - бірақ шотта нақты қалған сомадан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған біржолғы төлемді жүзеге асырады.
Қазақстандықтардың жеке шоттарында қалған барлық қаражатты заңды иелері немесе олардың мұрагерлері талап еткенше Ұлттық банк инвестициялауды және табыс әкелуді жалғастыра береді. Төлемдерді алу үшін қажетті құжаттар тізімін қордың ресми enpf.kz сайтынан алуға болады.
Бұған дейін БЖЗҚ соңғы 12 айда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына 2,1 триллион теңгеден астам инвестициялық табыс есептелгенін хабарлаған болатын.
Сонымен қатар қор мамандары 2026 жылдың басынан бері инвестициялық табыс көлеміне теңгенің АҚШ долларына шаққандағы нығаюы әсер еткенін атап өтті. Осы кезеңде ұлттық валюта бағамы долларына 505,53-тен 462,91 теңгеге дейін өсті, бұл валюталық активтердің бір бөлігінің теріс қайта бағалануына әкелді.