Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) алаяқтардың жаңа айла-тәсілдеріне байланысты өз салымшыларына үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алаяқтар қалай әрекет етеді?
БЖЗҚ филиалдарына соңғы кездері өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары төленбегенін айтып шағымданатын салымшылар жиілей бастаған.
"Қаскөйлер қор қызметкері болып танысып, телефон арқылы зейнетақыны есептеу үшін жалпы еңбек өтіліне қосылмай қалған бірнеше жылдық жұмыс өтілі анықталғанын хабарлайды және зейнетақы мөлшерін қайта есептеп, арттыруды ұсынады", - деп мәлімдеді БЖЗҚ өкілдері.
Осы мәселелерді шешу үшін және сенімге кіру мақсатында алаяқтар қордың нақты жұмыс істеп тұрған бөлімшелерінің мекенжайын айтып, сол жерге шақырады.
"Өтініш білдірген салымшылар мен алушылардың айтуынша, қаскөйлер қызмет көрсету ыңғайлылығы мен жылдамдығын сылтау етіп, электрон кезекке бронь қоюды ұсынады және СМС-хабарламамен келген кодты айтуды сұрайды. Өкінішке қарай, алаяқтарға кодты айтып қойғандар бар", - деді қор өкілдері.
БЖЗҚ салымшылары нені білуі маңызды?
БЖЗҚ қызметкерлері ешқашан қоңырау шалып, телефон, пошта немесе мессенджерлер арқылы СМС-кодтарды, құпия сөздерді, карта деректемелерін немесе басқа да құпия мәліметтерді сұратпайды. БЖЗҚ барлық қызметтерді тегін көрсетеді. Төлемдерді рәсімдеу қатаң түрде заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
"Егер қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді, мекенжайыңызды немесе жұмыс орныңызды білсе, бұл оның ресми тұлға екенін білдірмейді. Бұл мәліметтерді қаскөйлер ашық дереккөздерден алуы мүмкін", - деп ескертті БЖЗҚ.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
- СМС-кодтар мен жеке мәліметтерді ешкімге және ешқандай жағдайда айтпаңыз.
- Әңгіме хабарламадағы кодтар туралы болған бойда күдікті қоңырауларды бірден тоқтатыңыз.
- Ақпаратты ресми арналар (байланыс орталықтары, ресми қосымшалар немесе сайттар) арқылы өз бетіңізше тексеріңіз.
Алаяқтық туралы кішкене күдік туындаған жағдайда полицияға хабарласыңыз.