Батыс Қазақстан облысында энергетика саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін салтанатты түрде атап өтті. Шараға сала мамандары, ардагерлер мен облыс басшылығы қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының энергетика саласының маңыздылығы туралы айтқан сөзін келтіріп, бұл саланың ел дамуы үшін стратегиялық рөл атқаратынын атап өтті.
"Энергетика – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Соңғы жылдары өңірімізде осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, соңғы үш жылда жалпы құны 13 млрд теңге болатын 12 жоба жүзеге асырылып, 6 мың шақырымға жуық тозған электр желілері жаңартылды. Екі жаңа қосалқы станция мен өндірістік-жөндеу базалары салынды. Соның нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 82 пайыздан 75,4 пйызға дейін төмендеді", – деп аймақ басшысы саланың соңғы жылдары жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Өңірде энергия тиімділігін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі – соңғы он жыл бойы тоқтап тұрған Орал жылу-электр орталығының №1 турбоагрегатын жаңғырту болды. Соның арқасында станцияның қуаты 12,5 МВт-қа артып, жалпы қуаты 58 МВт-қа жетті. Сонымен қатар, қаланы электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында HITACHI турбинасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыста су, кәріз және жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылудың нәтижесінде 2023 жылдан бері Орал жерасты су көзінде 6 жаңа ұңғыма бұрғыланып, су өндіру көлемі тәулігіне 40 мың текше метрге дейін артты. 2025 жылы диаметрі 1000 мм су құбыры мен жерасты су көздерін реконструкциялау басталды.
Кәріз жүйелері бойынша 2023 жылдан бері 4 ірі нысан іске қосылып, пайдалану мерзімі 60 жылдан асқан және бұған дейін реконструкция жүргізілмеген 4 ірі кәріздік сорғы станцияларының жаңғыртылуының нәтижесінде 320 мың тұрғын сенімді кәріз жүйесімен қамтылды. Тағы 2 станцияның реконструкциясы аяқталып, 90 мыңнан астам абонент тұрақты су бұру жүйесіне қосылады.
Орал жылу электр орталығында градирня толық ауыстырылып, Жайық өзенінен алынатын техникалық су көлемі жылына 4 млн текше метрге қысқарды. "Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 6 аудан мен Орал қаласының 44 елді мекенінде әуе электр желілері, сондай-ақ жылу және кәріз желілері жаңартылып, 9 ірі жоба іске асырыла бастады.
2029 жылға дейін инженерлік желілерді жаңғырту бойынша 2023 жылдан бері 28 ауылға газ тартылып, 3,7 мың тұрғын алғаш рет газға қол жеткізді, 60 әлеуметтік нысан қосылды. Облыстың газбен қамтылуы 99,8 пайызға жетті. Сонымен қатар, 65 елді мекенді қамтитын "Ростоши–Тайпақ" газ құбырын реконструкциялау жобасы Үкімет тарапынан қолдау тауып, биыл басталды.
"Мемлекет басшысы айқындап бергендей, күрделі жағдайда инвестиция тарту – басты міндеттердің бірі және бұл жаңа тәсілдерді талап етеді. Осы бағытта облысқа, әсіресе энергетика саласына инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Шетелдік ірі компаниялармен бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Жәнібек ауданының Өнеге ауылында қуаты 4,9 МВт құрайтын күн электр станциясын, Орал қаласының аумағында 50 МВт құрайтын жел электр станциясын, Теректі ауданының Пойма ауылында 20 МВт құрайтын газпоршенді электр станцияларын салу жоспарлануда және бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті", - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Сонымен қатар, инвесторлар есебінен Орал қаласының жылу электр орталығын жаңғыртып, қуатын арттыру көзделіп отыр.
Шара барысында саланың дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандарына "Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін" медалі, "Еңбек сіңірген энергетик" және "Құрметті энергетик" төсбелгілері, сондай-ақ ҚР Энергетика министрінің Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.