Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданы әкіміне сөгіс жарияланды. Бұл туралы облыс басшысы Ғали Есқалиев коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі жедел штаб отырысында мәлімдеді. Оқиға облыс орталығының маңындағы жағажайлардың бірінде болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жеке жағажайлардың бірінде жалаңаштанған жастардың кеші өткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Демалыс күндері жеке кәсіпкерлер жер телімін жалға алып, жаппай іс-шара ұйымдастырғаны белгілі болды.
"Бәйтерек ауданы Трекин ауылдық округі Жайық кентінің жанында "Ванильные берега" жағажайында кеш өтті. Оны жағажайды жалға алып, Орал қаласының 21 жастағы тұрғыны ұйымдастырды. Би алаңында ӘҚБтК-нің 434-бабында көзделген "Ұсақ бұзақылық" әкімшілік құқық бұзушылық жасалған. Тәртіп бұзғандардың бірі Орал қаласының 28 жастағы тұрғыны екені анықталды. Қалғандарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ЖПҚ басқармасының бастығы Мирхат Аженов.
Ғали Есқалиев құзырлы орган қызметкерлерін заңсыз іс-шараға қатысқандардың бәрін жауапкершілікке тартуға шақырды.
"Бәйтерек ауданы қазір "қызыл" аймақта орналасқан. Аудан әкіміне сөгіс жариялаймын. Кешке алдын ала тыйым салу керек болған. Әдепсіз іс-шараға қатысушылардың барлығымен тәрбие жұмысын жүргізіп, олар жұмыс істейтін мектеп директорлары мен кәсіпорын басшыларына ақпаратты жеткізу қажет", - деді Ғали Есқалиев.
Кейін кешті ұйымдастырушылардың бірі кешірім сұрап видео жазды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!