20 шілде 2019 | 16:43

БҚО-да күл-қоқысқа көміліп қалуға жақын тұрған қала тазартылып жатыр

Камила Долаева Журналист

Батыс Қазақстан облысында Бөрлі ауданының әкімдігі асар жариялады, - деп хабарлайды "Хабар 24" тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Батыс Қазақстан облысында Бөрлі ауданының әкімдігі асар жариялады, - деп хабарлайды "Хабар 24" тілшісі.

Жергілікті билік бұл қадамға амалдың жоқтығынан барып отыр. Әйтпесе Ақсай қаласы күл-қоқысқа көміліп қалуға жақын. Енді шағын шаһардың кәсіпкерлері көшедегі тау боп үйілген тұрмыстық қатты қалдықтарды өз күшімен шығаруға кірісті.

Реклама
Реклама

Ақсай қаласына кірген жанның көзіне алдымен көшеде шашылған күл-қоқыс шалынады. Жағымсыз иісі жанынан жүргізбейді. Ал жергілікті тұрғындардың бұған еті үйренген сыңайлы. Үйренбегенде қайтсін, жыл басынан бері көрген күні осы.

Қала тазалауды бұрын коммуналдық мекеме атқаратын. Бюджеттен алатыны бар, өзге тірліктен табатыны бар, тұрғындардың төлемақысына аса бір тәуелді болмайтын. Ал осы істі бәсекелі ортаға бергелі қалыпты қызмет ырғағынан жаңылды. Биылдыққа бірнеше компания ауысқан. Соңғысы қоқыс шығарудан шаршағанын жарты ай бұрын айтыпты. Аудан әкімдігі амал жоқ "Асар" акциясын жариялады. Күні бүгін бес кәсіпорын өз техникасын бөліп, қаланы тазалап жатыр.

"Осындай жағдай болған соң қаланың ішінде акция айтылған. Акция «Асар» деп аталады. Соған қосылып, көмектесіп жатырмыз. Үш машина қаланың ішінде жұмыс істеп жатыр. Күніне әрбір машина 12-15 рейс шығарады", - дейді кәсіпкер Ахмет Италиев.

Қала тазалығын қолға алған кәсіпкерлердің жұмысты жарты жолда қалдыру сыры неде? Мамандардың мәлімдеуінше, оған бірінші себеп - тұрғындардың төлемақы төлемеуі. Жан басына шаққандағы тариф 200 теңге болса, 40 мың тұрғыннан айына 8 миллион теңге жиналуы тиіс. Ал құралған қаражат 2 миллион теңгеден асып көрмепті. Екінші себеп - арнайы техникалардың болмауы.

"Біз қазір қоқыс шығарамын деген кезекті кәсіпкерге әуелі төлем жинауды жолға қоюды жүктеп отырмыз. Ол үшін онлайн төлеуді енгізу керек. Сондай-ақ аудан бюджетінен арнайы ақша бөлінді. Екі қоқыс шығарушы техника сатып алынады. Ол техникалар кәсіпкерге жалға беріледі. Және бюджеттен 200-дей қоқыс контейнерін сатып алдық. Оны орнатуды бастадық. Тек осылай ғана көмектесе аламыз. Басқаша субсидия бөлудің, қаржылай қолдаудың ешбір заңды жолы жоқ", - дейді Ақсай қаласының әкімі Амангелді Тоғызбаев.

Ақсай қаласын күл-қоқыстан тазалап қарық қыламын, өзім де пайдаға кенелемін деп келгендердің жыл басынан бері төртеуі өз міндетінен тайқып кеткен көрінеді. Енді бұл іске бесінші кәсіпкер бел шеше кіріспек. Ол да көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандардың сапынан табыла ма, жоқ па, оны уақыт көрсетпек. Бірақ қалай болғанда да бұл іске немқұрайлық танытуға болмайды. Әйтпесе қала қоқысқа көмілуге жақын.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная