БҚО-да республикалық "Мерейлі отбасы" байқауының лауреаты Халықовтар отбасы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысып, дауыс берді.
Мендіхан Халықовтың жанұясы өте тату. Мендіхан аға жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Төрт қызы мен ұлы бар. Олардың әрқайсысы ынтымақ-бірлігі бекем отбасын құрып, ата-аналарына он екі немере сыйлаған. Аталмыш шаңырақта биыл үлкен мереке болды. Олар өздерінің берекелі әулетін "Мерейлі отбасы" республикалық байқауында таныстырып, 20 адамнан тұратын тату командамен қатысып келді.
– Президенттік сайлауда мен Орал қаласындағы балалардың қасында болғым келді. Сол үшін есептен шығару талонын алып, балаларыммен және немерелеріммен Оралдағы сайлау учаскесіне келіп, дауыс бердім. Осындай ел үшін маңызды оқиғаға тікелей қатысқаныма өте қуаныштымын және мақтанамын, өмір жолымда зейнеткерлікке шыққанға дейін адал және абыройлы қызмет атқардым. Қоғамның негізі – үлгілі, ырыс ынтымағы айрандай ұйыған әулет десек, Қазақстан отандастарымыздың бейбітшілігі мен тұрақтылығын, бірлігі мен келісімін сақтай отырып, сенімді түрде дамып келеді, – деді Меңдіхан аға.
Бөкей ордасы ауданындағы Омаровтар әулеті де қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Отағасы – зейнеткер Жігер Омаров жұбайы Магмур Молдашевамен бірге 4 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Омаровтар отбасының барлық ұлы мен қызы жоғары білім алып, елдің өркендеуіне елеулі үлес қосуда. Нақтырақ айтсақ, бұл әулеттің мүшелері білім беру саласының қызметкерлері, яғни мұғалімдер. Олар – ауданда өткен отбасылық-спорттық жарыстардың, конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары.
Теректі ауданында да көп балалы аналар өз дауыстарын беруде. Төрт баланың анасы Гүлнар Құсайынова өз таңдауын жасады. Айта кетсек, Гүлнар Құсайынованың екі ұлы Сұлтан мен Бейбарыс "Бала дауысы"республикалық байқауына қатысты.