Блогер Жанәбіловтің әйелі соңғы сөз айтуға келмеді: сот екі сағат уақыт берді

Дина Шарипханова Корреспондент
Блогер Жанәбіловтің әйелі соңғы сөз айтуға келмеді: сот екі сағат уақыт берді Фото © Tengrinews.kz

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушылар соңғы сөздерін айтуы тиіс болған, алайда Төлегенова сотқа келмеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушылар соңғы сөздерін айтуы тиіс болған, алайда Төлегенова сотқа келмеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанованың айтуынша, оның қорғауындағы азамат денсаулығына байланысты келмеген. Судья Адильбек Баймаханов отырыс кезінде бұл жағдайды растайтын құжаттар ұсынылмағанын айтты.

"Сот айыпталушыға растайтын құжаттарды ұсынуға немесе онлайн байланыспен қосылуға екі сағат уақыт береді. Егер құжаттар ұсынылмаса, сот келмеу себебін негізсіз және қылмыстық істі қарауға кедергі келтіру деп санайды", - деді ол.

Жарнама
Жарнама

Осыған байланысты судья екі сағатқа үзіліс жариялады.

Жанәбіловтерге қандай айып тағылды?

Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылған.

Прокурор блогерлерге қандай жаза сұрады?

Сот жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев екі сотталушыны да тағылған барлық бап бойынша кінәлі деп тануды және мүлкін тәркілей отырып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте Эльмира Төлегенованың кішкентай балалары болуына байланысты оған қатысты үкімнің орындалуын бір жылға шегеру ұсынылды.

Блогер Жанәбіловтердің соты

16 наурызда Астанада елордалық блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. Ерлі-зайыпты сот отырысы кезінде журналистердің видео және суретке түсіруіне қарсы шықты.

"Үлкен балам мектепке барады, балама жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылады", - деп Төлегенова мұндай шешімнің себебін журналистерге түсіндірді.

Блогерлердің адвокаты сот талқылауын жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді, прокурорлар бұған қарсылық білдірді. Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сондай-ақ сот отырысы кезінде Жанәбіловтердің адвокаты соттан істі прокурорға қайтаруды сұрады.

Бұған дейін сотта прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыды. Онда акциялар аясында көрсетілген ұтыстар пен сыйлықтар қатысушылардың ақшасына сатып алынғаны, алайда жарнамада ұтыс қоры ұйымдастырушылардың өз қаражаты есебінен қалыптасқандай көрсетілген. Тергеу мәліметі бойынша, акциялар өткізілген кезеңде жобамен байланысты есепшоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.

22 сәуірде Астана сотында сот тергеуі аяқталды. Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша жарыссөз барысында прокурор оларға нақты жаза мерзімін сұрады.

Еске сала кетейік, 14 сәуірде сотта блогер Эльмира Төлегенова кінәсін ішінара мойындады. Бұған дейін процесс барысында блогер Ерболат Жанәбілов жауап берген. Ол да сотта кінәсін ішінара мойындап, көзіне жас алған болатын.

"Мен неге дәл біз екенін түсінбеймін. Бұл ата-анамызға өте ауыр тиіп жатыр. Мен түсінбеймін: бәлкім, біреудің жолын кескен шығармыз? Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Бүгін болмаса, ертең. Мен тіпті жауларыма да мұндай жағдайға тап болып, сот алдында тұруды тілемеймін", - деді ол.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Автор сұрағы
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама