ПОДЕЛИТЬСЯ
03 мамыр 2023 | 14:08
"Бопсалап ақша табады". Депутаттар блогерлерді айыптады
"Ауыл" фракциясының депутаттары Қазақстандағы блогерлерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Ауыл" фракциясының депутаттары Қазақстандағы блогерлерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депутаттық сауал қойған мәжілісмен Әнес Баққожаев өзін блогермін деп жүргендер жиі жалған ақпарат жариялайтынын атап өтті.
"Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені - ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю үшін кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар.
Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі "хайп" ұйымдастырып әлек", - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Өтініш білдірген депутат қазақстандықтардың қаржылық пирамидаларға түсуіне кейбір блогерлер себеп болғанын еске салды.
"Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім.
Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр.
Сондай-ақ осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?!Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс", - деді ол.
Сонымен қатар, Баққожаев Қазақстанда блогерлер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік жоқ екенін баса айтты.
"Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын өз Жолдауында мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырған болатын. Дегенмен бұл заң әлі дайын емес екенін көріп отырмыз. Біріншіден, заң жобасына жауаптылардың іс-әрекетіне баға беру керек. Екіншіден, БАҚ туралы заңды Мәжіліске ашық талқылауға шығару керек. Тек журналистер ғана емес, блогерлер де ақпарат саласындағы жауапкершілікті сезіну керек, бұл мәселені шұғыл қарастыру қажет", - деп түйіндеді сөзін Әнас Баққожаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также