30 қаңтар 2023 | 09:05

"Бұл жақсы көрсеткіш емес". Премьер-министр облыс әкімдіктерін сынға алды

Дина Шарипханова Корреспондент

Премьер-министр Әлихан Смайылов облыс әкімдіктерін шетел инвестициясын тарту жоспарынан қалып отыр деп сынға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Үкімет сайтына сілтеме жасап.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Премьер-министр Әлихан Смайылов облыс әкімдіктерін шетел инвестициясын тарту жоспарынан қалып отыр деп сынға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Үкімет сайтына сілтеме жасап.

28 қаңтарда, Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізді, онда негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өткен жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды.

Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 триллион теңге (жылдық жоспардың 94,2 пайызы) болғанын, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артық екенін баяндады. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелген.

Реклама
Реклама

Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8 пайыз), Денсаулық сақтау (103,5 пайыз), Оқу-ағарту (102,3 пайыз) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4 пайыз), Мәдениет және спорт (72,5 пайыз) министрліктеріне тиесілі.

Өңірлер арасында Ұлытау (75,6 пайыз), Атырау (84,2 пайыз) және Жамбыл (86,5 пайыз) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қолжеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі.

Қабылданып жатқан шаралар туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндады.

Премьер-министр Ұлытау облысында құны 27,1 миллиард теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті.

"Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 миллиард теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қамтамасыз етуі қажет еді", - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын атап өтті.

"Инвестициялардың 60 пайыздан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын жоғарыда аталған жобалар бойынша инвестициялар көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік осы жобалардың аяқталу мерзімін болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын", - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Премьер-министр Жамбыл облысында салынған инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын атап өтті.

"Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп отыр. Өңір басшылығы жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет", - деді Үкімет басшысы.

Жалпы, Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.

"Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2 пайызға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8 пайызды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10 пайыздан жоғары болуы керек дегенді білдіреді", - деді Үкімет басшысы.

Салалар бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов және ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабардар етті.

Әлихан Смайылов аталған бағыттарға инвестициялар тарту бойынша жұмысты күшейту, оның ішінде іске асырылмаған ірі жобалар бойынша іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Мәдениет және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне де қатысты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров тікелей шетелдік инвестицияларды тарту туралы айта отырып, олардың көлемі 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша $22,1 миллиард-ты құрағанын, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8 пайызға артық екенін баяндады. Атап айтқанда, машина жасау, жаңартылатын энергетика, ТМК, металлургия, АӨК және т.б. салаларда шетелдіктердің қатысумен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.

Үздік 10 инвестор елдің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірген.

Премьер-министр 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 миллиард шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.

"Сыртқы істер министрлігі Kazakh Invest ұлттық компаниясымен және өңірлермен бірлесіп, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Қазақстанның шет елдердегі мекемелерімен өзара іс-қимылды күшейту қажет", - деді Үкімет басшысы.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов өңір басшылары мен министрлер сын-ескертпелерді ескеріп, өткен жылғы олқылықтарды түзету бойынша шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная