Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы аулалардың бірінен мектеп жасындағы баланың мәйіті табылды. Болған оқиға туралы Lada.kz басылымына аудан тұрғындарының бірі айтып берген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Басылым сұхбаттасушысының айтуынша, бала тұншығу белгілерімен табылған.
"Оны басқа бір бала көріп, әуелде әткеншекте ойнап отыр екен деп ойлаған. Жақындап қарағанда А.-ның беті көгеріп кеткенін және аузынан ақ көбік аққанын көрген. Содан кейін ол ата-анасын шақырып, олар полиция мен жедел жәрдем шақырған. Оқиғаның нақты себебі әлі де белгісіз", - деді дереккөз.
Бала өлімі фактісін жедел жәрдем станциясы растады. Ондағылар оқиға орнына шақырту 1 маусымда түскенін хабарлады. Дәрігерлер 2014 жылы туған ұл баланың өлімін тіркеді.
Өңірлік полиция департаменті әзірге бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.