Бүгін Астананың кассациялық соты Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың мүддесіндегі шағымды қарады. Отырыста оның адвокаттары, жұбайы әрі қоғамдық қорғаушысы Айнұр Күлдеева, жәбірленуші тарап және прокурор сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бейсенбі, 14 мамырда кассациялық сот Салтанат Нүкенованың өлімін жасырғаны үшін жазасын өтеп жатқан сотталушы Бақытжан Байжановтың мүддесіндегі шағымды қарады.
Отырысқа Бақытжан Байжановтың туыстары келді. Сондай-ақ залда Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді болды. Байжановтың өзі сотқа колониядан бейнебайланыс арқылы онлайн қосылды.
Бақытжан Байжановтың тарапы
Бақытжан Байжановтың адвокаты Әлібек Секеров соттан қорғалушысына қатысты жазаны жеңілдетуді сұрады. Адвокаттың айтуынша, Байжанов бұрын сотталмаған, жағымды мінездемелері бар, іс бойынша ауырлататын жағдайлар жоқ. Сонымен қатар, сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар.
Сондай-ақ Секеров Байжановтың іс-әрекеті қылмысты жасыру ретінде сараланғанын және "адамның өмірі мен денсаулығына тікелей зиян келтірумен байланысты емес" екенін атап өтті. Осыған байланысты қорғаушы тарап бас бостандығынан айыру мерзімін қысқартуды немесе шартты жаза тағайындауды сұрады.
Адвокаттардан кейін Бақытжан Байжановтың жұбайы әрі қоғамдық қорғаушысы Айнұр Күлдеева сөз алды. Ол адвокаттардың уәждерін қолдап, соттан жұбайының жазасын жеңілдетуді өтінді.
"Мен сіздердің алдарыңызда тек қорғаушы ретінде ғана емес, Байжановты бәрінен де жақсы білетін адам ретінде сөйлеп тұрмын. Жұбайым өз іс-әрекетін ешқашан жоққа шығарған емес. Қылмысты жасыру үшін ол туралы алдымен білу керек. Менің күйеуім не болғанын білген жоқ және білуі мүмкін де емес еді", - деді Күлдеева.
Сондай-ақ ол отбасының Салтанат Нүкенованың жақындарынан кешірім сұрауға тырысқанын мәлімдеді.
"Біз бірнеше рет кешірім сұрадық. Бақытжанның өзі сотта жеке кешірім сұрады. Бақытжанның ата-анасы Салтанаттың туыстарымен жолығу үшін Павлодарға арнайы барды. Сондықтан бізді құрметсіздік танытты немесе немқұрайлық көрсетті деу әділетсіздік. Біз ақталуды іздеген жоқпыз, шын жүректен кешірім сұрауға тырыстық", - деді ол.
Күлдеева жұбайына берілген жазаны тым ауыр деп атап, мұндай үкімнің шығуына қоғамдық резонанс себеп болды деген пікір білдірді.
"Жұбайыма қатысты жазаның тым ауыр екенін ескеруді сұраймын. Оған ең жоғарғы - 4 жыл мерзім берілді, ал қылмысты жасыру бабы бойынша сот практикасында жаза сирек жағдайда 2 жылдан асады. Тіпті жасыру дерегі бар істерде соттар көбіне шартты мерзіммен шектеледі. Бақытжанға шығарылған мұндай қатал үкім объективті әділдік емес, қоғамдық резонанстың нәтижесі сияқты көрінеді. Іс бойынша қоғамдық пікір құқықтық нормалардың орнын баспауы тиіс", - деді Күлдеева.
Жұбайы отбасылық жағдайы туралы да айтып, соттан Байжанов екеуінің кәмелетке толмаған балалары барын ескеруді сұрады.
"Күйеуім қамауда отыр. Мен кішкентай балаларды жалғыз өзім асырап, тәрбиелеп отырмын. Кеше ғана ауруханадан жақ сүйегі сынып, диагноз қойылған ортаншы баламмен шықтым. Қазір ол емделуге және тұрақты күтімге мұқтаж. Маған түскен салмақ өте үлкен: физикалық тұрғыдан да, қаржылай да", - деп мәлімдеді ол сотқа.
Күлдееваның айтуынша, жаза іс жүзінде тек Байжановқа ғана емес, олардың отбасына әсер етіп отыр.
"Шын мәнінде, бұл жағдайда тек жұбайым ғана емес, біз де, менің балаларым да жаза арқалап отырмыз. Біз моральдық және физикалық тұрғыдан жазаландық. Балалар өмірінің ең қиын кезеңінде әкесіз өсіп жатыр. Кешіріммен қарауыңызды сұраймын, өйткені сіздердің шешімдеріңізге менің балаларымның өмірі мен оңалуы тікелей байланысты", - деп қосты ол.
Жәбірленуші тарап
Бұдан кейін сөз жәбірленуші тарапқа берілді. Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді кассациялық шағымдарды қанағаттандырмауды сұрады.
Ол соттың назарын Байжановтың мерзімі амнистия бойынша қысқартылғанына, бірақ бұл сотталушының өкінуімен немесе үлгілі мінез-құлқымен байланысты емес екеніне аударды.
Сондай-ақ Амангелді Байжановтың үкімін қайта қарауға ешқандай негіз көріп тұрмағанын айтты. Бұған қоса, ол сотталушының ұстанымына назар аударды.
"Құжаттарда оның өкінгені, жүйенің әсер еткені және бостандыққа шығуға дайын екені айтылады. Ал жеке сұраққа келгенде Байжанов кінәлі емеспін деп жауап береді", - деді Амангелді.
Сондай-ақ Салтанаттың ағасы Байжановқа қатысты әрбір сот отырысы олардың отбасына ауыр тиетінін атап өтті.
"Ата-анам расымен де өте ұзақ уақыт бойы ауруханада жатты. Мұның бәрі сол іс-әрекеттердің салдары. Тіпті жария түрде көрсетілетін, жазылатын, пабликтерде талқыланатын осы сот отырыстарының өзі - шын мәнінде өте ауыр", - деді ол.
Жәбірленуші тараптың адвокаттары да кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға қарсы шығып, бұрынғы сот шешімдерін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Прокурор да бұрын қабылданған сот актілерін өзгертуге негіз таппады.
Тараптар сөз сөйлегеннен кейін сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.
Сот шешімі
Сот Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
"Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы үкімі және Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысы Бақытжан Әмірханұлы Байжановқа қатысты өзгеріссіз қалдырылсын. Адвокаттар Секеров, Теміржанов және қорғаушы Күлдееваның кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын", - деді судья шешімді оқып.
Мән-жайы
Бақытжан Байжанов - ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе қылмысты жасырды деп айыпталған болатын. 2024 жылғы 13 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Байжановты кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Бұл ретте бұған дейін прокурор Байжановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша тағылған тағы бір айыптан бас тартқан еді.
Байжановтың ісіндегі басты эпизодтардың бірі бейнебақылау камераларындағы жазбалармен байланысты болды. Байжановтың өзі сотта жазбаларды өшіруге тапсырма бергенін мойындады, алайда жасалған ауыр қылмыс туралы білмегенін алға тартты. Оның қорғау стратегиясының негізгі желісі де осыған құрылған болатын.
Үкім шыққаннан кейін Байжановтың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді. Олар қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұрады. Іс Астананың апелляциялық инстанциясына 2024 жылғы 10 маусымда түсіп, қарау 26 маусымға белгіленді.
26 маусымда Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.
Кейін Байжанов рақымшылық жасау туралы өтініш берді. 2025 жылғы тамызда сот Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы заң аясында оның өтелмеген жаза мерзімі үштен бір бөлікке қысқартылғанын хабарлады. Соңғы есеп бойынша оған 1 жыл 4 ай 17 күн бас бостандығынан айыру мерзімі белгіленді.
Байжанов 2023 жылғы 12 қарашада ұсталып, тергеу изоляторында болды, ондағы бір күн колониядағы бір жарым күнге теңестіріледі. Ол жазасын Степногорск қаласындағы қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеп жатыр. Мерзімдерді қайта есептегеннен кейін ол шамамен 2026 жылғы желтоқсанда бостандыққа шығуы мүмкін.