ПОДЕЛИТЬСЯ
29 қазан 2022 | 13:03
Дәрігер көшедегі әжетханадан табылған сәбидің жағдайы туралы айтты
Алматы қалалық Балалар жедел медициналық жәрдем орталығының реаниматология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ұлықпан Әлсейітов полиция қызметкерлері әжетханадан тапқан сәбидің жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы қалалық Балалар жедел медициналық жәрдем орталығының реаниматология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ұлықпан Әлсейітов полиция қызметкерлері әжетханадан тапқан сәбидің жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бала көшедегі дәретханадан табылғаннан кейін жедел жәрдем оны бізге әкелді. Оның қанша уақыт сол жерде жатқаны белгісіз, нақты деректер жоқ. Бізге келгенде денесіне суық өткен, сонымен қатар, ол енжар болып, ұйықтағысы келе беретін. Денесі көгеріп кеткен, дыныс алуы нашар болды. Жедел жәрдем бригадасы өз қызметін жылу тізбегін сақтап жүргізді, бірден жедел жәрдем көлігінде баланы жылытуға кірісті. Бала біздің емханаға жеткізілді. Оның жағдайы ауыр болғандықтан, оны дереу жансақтау бөліміне жатқыздық. Бізде жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық үстелдер бар, олар сәулелі жылу береді және денені жылдам жылытуға көмектеседі", - деді реаниматолог.
Дәрігердің айтуынша, бала жансақтау бөлімінде 12 күн болған, осы уақыт ішінде барлық қажет тексеру шарасы жүргізілген.
"Баланың жағдайын ескеріп, сепсис пен пневмонияның дамуынан қорықтық. Сондықтан оны алдын алу мақсатында антибиотика терапиясы жүргізілді. Ем қандай да бір асқынусыз өтті. Сонымен қатар, баланың жүрегін УЗД арқылы тексеретін маманды шақырдық. Нәтижесінде баланың туа біткен жүрек ақауы бар екені анықталды. Жүректің кез келген патологиясы ауыр аурулар қатарына жатады, бірақ тексеру кезінде шұғыл ота жасау үшін деректер жеткіліксіз болды, әдетте балалар мұндай диагнозбен өмір сүре береді. Бала бізге түскен кезде ешқандай жарақат белгілері байқалмады, кіндігі кесілген, бірақ оны байланбағасын аздап қан жоғалтқан", - деді Әлсейітов.
Сәби ауруханаға түскен кезде салмағы 2740 грамм болса, кейін 3070 грамм болды.
"Қызмет еткен жылдарымда мұндай жағдай есімде жоқ. Бәлкім, 90-жылдары болған шығар, бірақ қазір емес. Иә, жаңа туған нәрестелерді адамдар көп жиналатын, қоғамдық орындарда тастап кететін, бірақ баланы дәретханаға тастап кеткенді бірінші рет көрдім", - деді дәрігер.
Қазір қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, бала сәбилер үйіне ауыстырылды.
Еске салайық, биыл тамызда Алматы полиция қызметкерлері көшедегі әжетханадан жаңа туған нәрестені тауып алған еді. 17 жастағы қыз түсік болды деп, сәбиінен құтылған. Алайда тәртіп сақшылары сәбиді әжетхана шұңқырынан тауып, аман алып қалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также