Дәрігерлеріміздің алдында басымды иемін - министр Біртанов Алматы түбіндегі ұшақ апаты жайлы

04 Қазан 2017, 11:56
0
Дәрігерлеріміздің алдында басымды иемін - министр Біртанов Алматы түбіндегі ұшақ апаты жайлы - © Тұрар Қазанғапов
© Тұрар Қазанғапов

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы түбінде болған әуе апатынан қаза болған әріптестерінің жақындары мен туыстарына көңіл айтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл туралы министр Facebоok парақшасында жазды. Айтуынша, Қазақстан медицинасы үшін бұл ауыр қаза.

"Қызметтік міндеттерін атқара отырып, екі әріптесіміз қаза болды. Жоғары білікті дәрігерлер - 20 жылдық еңбек өтілі бар, дәрігер акушер-гинеколог Патсаев Талғат Анапиұлы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлы. Олар өз жұмыстарының маманы болды, босанған соң ауыр жағдайда жатқан әйелдің өмірін сақтау қалу үшін өз өмірлерін қиды", - деп жазды Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі қазақстандық дәрігерлердің ештеңеге қарамастан, күні-түні адамдардың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салатындарын айтып өтті.

"Біреудің өмірін сақтап қаламын деп өздерінің өмірін сақтап қала алмаған дәрігерлеріміздің алдында басымды иемін. Бұл барлығымыз үшін ауыр және орны толмас қаза, әсіресе, біздің әріптестеріміздің отбасылары үшін. Еліміздегі барлық дәрігердің атынан қаза болған дәрігерлердің отбасына және жақындарына, сондай-ақ, қаза болған экипаж мүшелерінің: әуе кемесінің командирі Геннадий Цойдың, екінші пилот Евгений Кутафиннің және  авиатехник Бейшібек Ахматбаевтың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын. Олардың барлығы азаматтық ерлік жасады деп санаймын", - деді министр.

Осыған дейін әуе апатынан қазақстандық белгілі дәрігер-профессорлардың қаза тапқаны хабарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 3 қазанда кешкі уақытта Алматыдан Шымкентке дәрігерлер бригадасы ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелге көмектесу үшін аттанған.

Еске салайық, 3 қазанда East Wing әуекомпаниясының АН-28 ұшағы ұшып шыққаннан кейін 12 минут өткенде радардан жоғалып кеткен еді. Кейін ұшақ Алматы түбінде өртеніп жатқан жерінен табылған. Бортта болған бес адам қаза тапқан. 


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай