Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков шұғыл қызметтерге шақырту орнына баруға кедергі келтірген жағдайда жолдағы автокөліктерді, шлагбаумдар мен басқа да нысандарды "ысырып тастауға" рұқсат беруді ұсынды. Ол тиісті сауалын премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депутат Қазақстандағы соңғы төтенше жағдайлар мен шұғыл қызметтердің оқиға орнына жетудегі қиындықтарды еске салды.
"Бүгінде адамдар тек өрттің салдарынан ғана емес, өрт сөндіру машинасының, жедел жәрдемнің немесе өзге де шұғыл қызметтердің оқиға орнына уақытында жете алмауынан да қаза табуы мүмкін", - деді Олжас Құспеков мәжілістің пленарлық отырысында.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе тек тұрғын үй кешендеріне ғана емес, жеке үйлерге, коммерциялық нысандарға, әлеуметтік нысандар мен адамдар көп жиналатын басқа да орындарға қатысты болып отыр.
"Жабық өткелдер, ретсіз тұрақ, істен шыққан гидранттар, өртке қарсы жабдықтардың жоқтығы және меншік иелері мен басқарушы ұйымдар тарапынан формалды бақылаудың болуы адам өміріне тікелей қауіп төндіреді", - дедті мәжілісмен.
Депутат ТЖМ деректеріне сүйене отырып, 2025 жылы шұғыл қызметтер өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарына 93 мыңнан көп рет шыққанын атап өтті. Оның шамамен 62 пайызы тұрғын үй секторына тиесілі.
"Осыған байланысты келесі шараларды дереу қабылдау қажет деп санаймыз: шұғыл қызметтердің өтуі үшін Fire Lane қағидаты бойынша - міндетті таңбалауы бар және мұндай аймақтарда тоқтауға, тұраққа қоюға және кез келген түрде бөгет жасауға толық тыйым салынған арнайы дәліздер енгізу; шұғыл қызметтерге оқиға орнына барар жолдағы кедергілерді, соның ішінде шлагбаумдарды, қақпалар мен автокөліктерді ашуды және зақымдауды қоса алғанда, кідіріссіз алып тастауға, егер олар адамдарды құтқаруға кедергі келтірсе, иесі бекітілген ережелерді бұзған жағдайда мемлекет тарапынан шығынды өтемей-ақ рұқсат беру керек", - деп мәлімдеді Олжас Құспеков.
Сонымен қатар мәжілісмен ғимараттардың өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды: өртке қарсы жабдықтардың жарамдылығын қамтамасыз ету, цифрлық бақылауды енгізу және түтін датчиктерін шұғыл қызметтердің хабарлау жүйесіне кезең-кезеңімен қосу. Оның айтуынша, азаматтар мен бизнестің мүлкін төтенше жағдайлар мен оқиғалардың салдарынан міндетті сақтандыру тетіктерін пысықтау қажет.
"Әр секунд есепте тұрғанда, шлагбаумдар, автокөліктер мен істен шыққан қауіпсіздік жүйелері адам өліміне себеп болмауға тиіс. Үкіметтен аталған ұсыныстарды қарастырып, оларды іске асыру бойынша ұстанымын білдіруді сұраймыз", - деді депутат.
Бұған дейін сенат депутаты Марат Қожаев та осыған ұқсас пікір білдірген болатын. Ол Қазақстан қалаларында арнайы техникаға арналған таңбалар жетіспейтінін, сондықтан өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көліктері кез келген жерге тұраққа қоюға мәжбүр екенін айтқан. Сондай-ақ сенатор аса қажеттілік туындаған жағдайда шұғыл қызметтер жолға кедергі келтіретін көліктерді сүйреп апаруға немесе өзге де жолмен алып тастауға болатынын атап өтті.