ПОДЕЛИТЬСЯ
06 сәуір 2022 | 13:30
Доллар әлсіресе де, неге азық-түлік арзандамайды? Маман түсіндірді
Қазақстанда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,9 пайызға өсті. БҰҰ Азық-түлік ұйымы да ақпан қорытындысы бойынша азық-түлік бағасының өсуі тарихи рекорд көрсеткенін тіркеген. Ең көбі өсімдік майы, сүт өнімдері мен сиыр еті қымбаттаған. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы да азық-түлік алдағы уақытта 15-20 пайызға қымбаттайтынын болжап отыр.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,9 пайызға өсті. БҰҰ Азық-түлік ұйымы да ақпан қорытындысы бойынша азық-түлік бағасының өсуі тарихи рекорд көрсеткенін тіркеген. Ең көбі өсімдік майы, сүт өнімдері мен сиыр еті қымбаттаған. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы да азық-түлік алдағы уақытта 15-20 пайызға қымбаттайтынын болжап отыр.
Бұған себеп не? Неге доллар көтерілсе өзіміздің "жұмыртқа", "қант", "құрт" қымбаттайды? Доллар бағасы түссе неге арзандау болмайды? Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университеті аға оқытушысы Сапарбай Жубаев Tengrinews.kz тілшісіне осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.
Баға неге өседі?
Экономистің сөзінше, баға сұраныс пен ұсыныстың әсерінен өседі. Яғни сұраныс көбейген сайын баға да өсе береді. Әрине, өсімнің басқа да себебі көп. Алайда бағаның өсуі туралы айтқанда, "ең алдымен Қазақстан дамушы мемлекет екенін ескерген жөн" дейді ол.
"Жыл сайын 8-10 пайыз инфляция болады. Бұл дамушы мемлекеттердің бәрінде бар. Кей мемлекетте 15-20 пайызға өсіп жатыр. Ресейде 4-7 пайызға дейін өсті. Еуропада да биыл 5-6 пайызға инфляция болып жатыр", - дейді Сапарбай Жубаев.
Екіншісі себеп - шетелден импорт көп. Соның әсерінен бізде өндірілмейтін дәрі-дәрмек, кофе сияқты өнімдердің бағасы доллар бағамына қарай өседі. Бұл - 15-20 пайыз. Маманның сөзінше, ең жақсысы, біз негізгі тамақтың 80 пайызын өзіміз өндіреміз, 20 пайызын алып келеміз.
Сапарбай Жубаев геосаяси жағдайдың да ролін атап өтті. Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың әсері бізге де тиіп жатқаны сөзсіз. "Ресей кәсіпорындарының жұмысы қиындықтарға тап болғанда, біздің кәсіпорындар да қиналып, өнімдерін қымбат бағаға сатуға мәжбүрледі" дейді ол.
Мысалы, кейінгі жылдары елімізде сүт және май өнімдерінің импорты артып келеді. Көрші мемлекеттердегі геосаяси жағдайдың салдарынан шикізат қымбаттап, өңдеу бағасы 30 пайызға өскен. "Қазақстан сүт одағының" атқарушы директоры Владимир Кожевников қазір отандық сүт өндірушілер тек шикізат қымбаттауынан ғана емес, сондай-ақ шығарылған өнімді дүкен сөрелеріне жеткізуде мәселелер барын айтты.
"Қазір Украина мен Ресейдің арасындағы ахуалдан біздің саладағы жағдай да мәз емес. Шағын шаруашылықтағы сүттің өзіндік бағасы 65 пайыз, ірі шаруашылықтарда 20 пайызға дейін өсті. Одан өңдеу құны 30 пайызға өсті. Салдарынан орта шаруалардың өндірісі 17 пайыз, шағын қожалықтарда 33 пайызға төмендеді... Бізге сауда желілеріне кіру қиын. Салыстырып қарайық. Беларусьте президент дүкендегі сөренің 80 пайызы отандық өнім болуы керек деген жарлық шығарды. Ереже бұзылса, сауда желілері жауапқа тартылады. Бізге де сондай жүйе керек", – деді Владимир Кожевников.
Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры, Ұлттық палата өкілі Ербол Есенеев те ішкі нарықтың статистикасы нашарлағанын атап өтті. Ол ішкі нарықты қазір қолдамасақ, жағдай қиындап кететінін айтты. Сондай-ақ, ол әрбір қазақстандық дүкеннен алдымен отандық өнімді іздеу керегін тілге тиек етті.
"Қазір біз азық-түлік нарығын басқа елдерге беріп отырмыз. 1,5 жылда азық-түлік импорты миллиардқа артты. Сондықтан қазір азық-түлік тапшылығының алдын алуымыз керек. Шенеуніктер өз өндірушімізге берген әр теңге тұрақтылық пен жұмыс орнын ашатынын түсінуі керек. Олар кем дегенде халықты тауармен қамтамасыз етіп отырады", - деді Ербол Есенеев.
Экономист Сапарбай Жубаев отандық өндірушілерді қолдау керегін айтты. Оның сөзінше, баға өскенде біздің өндірушілер табыс көзін көбейтеді. Яғни баға өссе халықтың жағдайы жақсарады. Ол ойын нан бағасымен түсіндірді.
"Мәселен, біз нанның бағасын ішінара шектеп тұрамыз. Ал нан пісіретіндер ұнды, ұн жасайтындар бидайды қымбатқа сатып алады. Содан бидайдың бағасы сәл өссе, ұнның бағасы, нанның бағасы да сәл жоғарыласа, бидай өсіретіндер, диірмендер, тасымалдаушылар, наубайханалар, кейін сататын дүкендердің табысы көбейеді.
Сондықтан кейбір нәрселердің, еттің, тамақтың қымбаттауын өндіруші халықтың табысы көбейеді деп қарау керек. Оны шектей берудің қажеті жоқ. Бірақ бағасы асыра көтеріліп кеткен жағдайда үкімет өз тарапынан әрекеттер жасайды", - деді маман.
Неге доллар көтерілсе, азық-түлік қымбаттайды?
Біз көп қондырғыны, көлік, телефондарды шеттен аламыз. "Сондықтан баға көтерілсе, ол амортизациялық төлемдер арқылы біздің өнімдерге әсер етеді" дейді маман.
"Баға біраз уақыттан кейін, бір, екі, бес ай, бір жылда әсер етеді. Сол қымбат нәрсені сатып алуға мүмкіндік болуы үшін біздің саудамыз бүгінгі бағаны қояды. Олар ескі бағамен сатса, кейін жаңа қондырғы, компьютерлерді алуға мүмкіндігі болмай қалады. Сондықтан доллар өскенде баға өскені заңды", - деп түсіндірді Сапарбай Жубаев.
Доллар түссе де, неге баға түспейді?
Маманның сөзінше, доллар түссе баға тұрақтанады. Ол қайтып түспейтінін айтты.
"Мәселен, кейінгі 20 жылда Қазақстанда доллар түссе, бар болғаны 4-5 пайызға. Ал инфляциямыз 12-15 пайыз. Сонда доллар 5 пайызға арзандаса, 15 пайыз инфляция деңгейінде өнімдер бағасы 8-10 пайызға түседі де, тұра береді. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда бәрібір 7-8 пайызға бағалар өседі. Ал доллар түспесе, ол 15 пайызға қымбаттап кетуі мүмкін еді.
Бізге доллар түссе де, баға өсіп жатқандай көрінеді. Жоқ. Доллар түссе баға біраздан соң тұрақтанады", - деді ол.
Азық-түлік арзандай ма?
Сапарбай Жубаев азық-түлік арзандамайтынын айтты. Бұл өндірушілер үшін тиімсіз дейді. Яғни, нанның мысалында айтсақ, бұл бидай егетіндер, тасымалдаушылар, наубайхана, дүкендер үшін тиімсіз.
"Үкімет бағаны арзандатуға емес, тұрақтандыруға әрекет жасайды. Мәселен, үкіметтің тұрақтандыру қоры бар, күзде картоп жиналып жатқан кезде, олар картопты сол арзан кезінде сатып алады да, кейін көктемде көкөніс қымбаттағанда бағаны тұрақтандыру үшін сатылымға қояды", - деп түсіндірді маман.
Алайда экономист бұл процесс жемқорлықтың кесірінен жапа шегіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл жеке кәсіпкерлердің қолына берілгенде, бәсекелестік орта болғанда, баға төмендейді, төмендемесе де тұрақты болуы мүмкін еді.
"Үкімет осы мәселеде көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ баға инфляциядан төмен болмайтынын түсінуі керек", - деді ол.
Енді баға қашан арзандайды?
Маманның сөзінше, баға арзандайды дегеніміз - қазақстандық өндірушілерге, ауыл шаруашылығындағы адамдарға ақша бермейміз деген сөз. "Ол болмайды" дейді ол.
"Қайта ауыл шаруашылығындағы өндірушілерге ақшаны көбірек беріп, олардың инвестициялық мүмкіндіктерін көбейтіп, жаңа-жаңа техника, технологиялар қабылдауға, ауылдағы әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін ауылдық өнімдердің бағасын инфляциялық деңгейде көбейтуге мүмкіндік жасауымыз керек. Нарықтық заңнамалармен, нарықтық қатынастармен жұмыс істеу керек", - деді Сапарбай Жубаев.
Суреттер: Әлихан Сариев
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также