Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақы мерзімінің 6 айдан 4 айға дейін қысқаруына қатысты пікір білдірді. Шенеуніктің айтуынша, мәселе бұрынғы модельге қайта оралу туралы болып отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін жұмыссыздық бойынша жәрдемақы мерзімін 6 айдан 4 айға дейін қысқартудың қаншалықты әділетті екенін сұрады. Бұл ретте азаматтардың алдын ала жарна аударғаны және қиын өмірлік жағдайға тап болуы мүмкін екендігі ескерілген.
Еңбек министрлігінің басшысы Ертаев бұл өзгерістің бұрынғы механизмге қайта оралу екенін мәлімдеді.
"Алты айға дейін болды. Пандемияға дейін төрт ай болатын, яғни біз бұрынғы механизмге қайтып жатырмыз. Жалпы, қайталап айтамын: бос жұмыс орындары бар. Бос орындар саны 117 мың. Сондықтан жұмыссыздық мерзімін созудың мәні жоқ. Біз бұл механизмді қысқартып қана қоймай, үш ай ішінде азаматқа өз мамандығы бойынша бірнеше жұмыс орнын ұсынғымыз келеді", - деді шенеунік.
Оның айтуынша, мемлекеттің негізгі міндеті тек жәрдемақы төлеу емес, қолда бар бос жұмыс орындары арқылы азаматтарды жедел жұмысқа орналастыру.
Тағы оқыңыз: “Жұмыссыз ретінде 1 миллион теңгеге дейін алатындар бар“. Қазақстанда төлем жүйесі өзгереді