Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентінҚожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің пікірінше, Түркістан туралы айтқанда күллі түркінің рухани темірқазығы – Қожа Ахмет Ясауи тұлғасына тоқталмау мүмкін емес.
"Әзірет Сұлтан түркілік рух пен ислам өркениетін үйлестіре білді. Оның мәдени мұрасы Ұлы далада ғана емес, Анадолы жерінде де өшпес із қалдырды. Түркі әлеміне ортақ көптеген ғұламалар Әзірет Сұлтанның ізбасары саналады. Осы тұста әйгілі Юнус Эмрені ерекше атап өткеніміз жөн. Тұғырлы тұлғаның туындыларынан Ясауи ілімінің ықпалын анық көруге болады. Осындай үндестік қазақтың бас ақыны – хакім Абайдың шығармаларынан да байқалады. Түптеп келгенде, ұлы ғұламаның ғибратты жолы ұлтқа бағдар, ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Мен Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістанға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухына құран бағыштадым. Сол сапарымда мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапатты Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айттым. Соған сәйкес тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жоғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны. Бір сөзбен, бұл – Әзірет Сұлтанның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат. Жалпы, біз өз елімізде Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын жүйелі түрде және кең ауқымда зерттеу жұмысын белсенді түрде жүргіземіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Түркия президентін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.
"Мұның символдық мәні өте зор. Бұл марапат – ұлы бабамыз салған рухани бауырластық пен тарихи әділдік жолының жарқын үлгісі. Қадірлі Президент мырза, Сіздің Қазақ еліндегі беделіңіз өте жоғары. Халқымыз Сізді сыйлайды, жақсы көреді, қолдайды. Қадірлі досым, осы жоғары марапатты Сіздің түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға деп қабылдаңыз. Сондай-ақ еліміздің Сізге және түрік жұртына деген шынайы құрметі, зор ризашылығы деп біліңіз. Өзіңізге зор денсаулық, ал барша түрік халқына амандық пен бақ-береке тілеймін! Қазақ-түрік достығы мәңгі болсын!", – деді Президент.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!