Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі Түркия көшбасшысының ұшағы қонған сәтінің кадрларын жариялады.
Оны әуежайда құрметті қарауыл ротасы және Түркия мен Қазақстан туларын ұстаған мектеп оқушылары қарсы алды.
Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға жұбайымен келді. Түркия президентін әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Шетелдік қонақты қарсы алған қазақстандық делегация құрамында Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр және сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев болды.
Айта кетейік, елорда көшелерінде және орталық даңғыл бойында Қазақстан мен Түркияның тулары пайда болды. Сапар барысында ресми кездесулер мен жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді деп күтіледі.
Еске салайық, бұған дейін 13-14 мамыр күндері Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік сапармен келетіні хабарланаған болатын. Мемлекеттер басшылары екіжақты байланыстардың қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылайды.
Сондай-ақ президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізеді.
15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті ұйымдастырылады. Жиында "Жасанды интеллект және цифрлық даму" тақырыбы талқыланады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!