Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан делегациясы Парижде Ядролық энергетика жөніндегі екінші халықаралық саммитке қатысты. Іс-шарада Қазақстаннан Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев те бар.
50-ден астам елдің Мемлекет, Үкімет, мемлекеттік орган басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, қаржы институттарының, өнеркәсіптің және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері азаматтық ядролық энергетиканың негізгі энергетикалық және климаттық сын-қатерлер жағдайындағы рөлін талқылады.
Мәжіліс спикерін қарсы алған Франция Президенті Эммануэль Макрон біздің Мемлекет басшысына жылы лебізін жеткізіп, Саммитке Қазақстан делегациясын жібергені үшін алғысын білдірді.
Форумды ашқан француз көшбасшысы ядролық энергетиканы қазіргі әлемдегі прогресстің, өркендеу мен егемендіктің факторы деп атады. Оның ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инновациялық технологияларды енгізуге жол ашатынын айтты. Эммануэль Макрон Қазақстанға және уранның сенімді жеткізушілері саналатын бірнеше елге қолдау білдіріп, Саммит қатысушыларын бейбіт атом саласында мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Мариано Гросси қазіргі уақытта цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы әлемдік қоғамдастықтың алдында көптеген мәселе туындатып отырғанын, оларға атом энергиясы жауап бере алатынын атап көрсетті.
Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропаның азаматтық ядролық энергетикадан бас тартуын ең үлкен стратегиялық қателік деді. Осыны түсіне отырып, Еуропалық Одақ инновациялық ядролық технологияларға салынатын инвестицияларды қолдау үшін 200 миллион еуро көлемінде кепілдік қорын құру туралы шешім қабылдады.
Мәжіліс спикері өз сөзінде Франция басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Ол қауіпсіз әрі орнықты атом энергетикасын дамыту жолында халықаралық деңгейде күш-жігер жұмылдыру үшін іс-шараның маңызды екенін атап өтті, сондай-ақ бейбіт атомды дамыту бойынша елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
"Қазақстан энергетикалық дамудың жаңа белесіне – атом энергетикасы дәуіріне қадам басуда. Біз атом энергетикасын стратегиялық тұрғыда сенімді әрі қолжетімді энергия көзі ретінде қарастырамыз. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС салу мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығарды. Референдум нәтижелері бүгінгі таңда бізге заманауи, орнықты әрі әртараптандырылған энергетикалық жүйені дамытуға жол ашыпотыр. Атом электр стансасын салу жобасын іске асыру халықаралық консорциум құруды көздейді. Қазіргі уақытта табиғи, геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық және техногендік факторларға баға беріле отырып, кешенді инженерлік зерттеулер жүргізілуде", – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері геосаяси тұрақсыздық пен хаос өршіген тұста бейбіт атомның қауіпсіздігі басты орынға шығатынын атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстан әрдайым барлық келіспеушіліктерді келіссөз арқылы шешуді қолдайды.
Сонымен қатар Палата спикері Қазақстан отыз жылдан астам уақыт бойы жаһандық ядролық қауіпсіздік архитектурасын дамытуға жүйелі түрде өзіндік үлесін қосып келе жатқанын айтты. Қазақстан Семей сынақ полигонын жауып, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Біздіңбастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.
Жиында Мәжіліс төрағасы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастық аясында Қазақстан радио-фармацевтикалық препараттар өндіріс аясын кеңейтіп, заманауи диагностика мен емдеудің қолжетімділігі артып келе жатқанын айтты.
Ерлан Қошанов Саммитке қатысушыларға алдағы уақытта да Қазақстан атом саласындағы саясатын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің стандарттарына сай құрып, ашықтықты, сенімділік пен серіктестікті нығайта түсетінін айтты.
Іс-шарада делегация басшылары Париж саммитінің Бірлескен декларациясын қабылдады. Ол бейбіт атомды жаңғырту және дамыту бойынша жаһандық және ұлттық стратегияның бөлігі болмақ.