“Ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды“ - Тоқаев мемлекет басшыларына үндеу жасады

Айнұр Қапышова Корреспондент
“Ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды“ - Тоқаев мемлекет басшыларына үндеу жасады Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экологиялық жауапкершілік мәселесіне заңнамалық деңгейде айрықша мән беретінін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экологиялық жауапкершілік мәселесіне заңнамалық деңгейде айрықша мән беретінін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Жаңа Конституциямызда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды. Яғни, біз үшін экологиялық қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы ретінде қарастырылады", - деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан экологиялық таза энергия өндірісіне көшу; биоалуантүрлілікті қорғау; тозған жерлерді қалпына келтіру; су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру; су үнемдеу саясатын енгізу; қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағыттарындағы шараларды қолға алғанын атап өтті.

Жарнама
Жарнама

"Әлбетте, ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды. Сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән береміз. Біз аталған міндетті нақты іс, жаңа технологияларды игеру және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестиция салу арқылы орындаймыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтіп жатыр.

БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен бірге ұйымдастырылған диалог алаңының мақсаты – экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына келтіру әрі бірлесе пайдалану бойынша кешенді саясат пен тетіктерді қалыптастыру, Орталық Азия өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау.

Саммиттің пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының директоры Ингер Андерсен, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Автор сұрағы
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама