ПОДЕЛИТЬСЯ
17 қараша 2021 | 13:54
Футболға өзімізді масқаралау үшін қыруар қаржы құйып жатырмыз - депутат
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса 2022 жылғы әлем чемпионатындағы іріктеу матчында Франциядан Қазақстан құрамасы жеңілгеннен кейін мемлекет тарапынан футболға бөлінетін қаржыға қарсы шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса 2022 жылғы әлем чемпионатындағы іріктеу матчында Франциядан Қазақстан құрамасы жеңілгеннен кейін мемлекет тарапынан футболға бөлінетін қаржыға қарсы шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бұқаралық ақпарат құралдары аймақтардағы футбол клубтарына 71 миллиард теңге, ал "Астана" клубына 15 миллиард теңге жұмсалғанын жазып жатыр. Осыншама ақша бөлгендегі нәтиже қайда? Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Азамат Айтхожин: "Біз бюджеттен ақша алмаймыз. Қандай миллиардтар туралы айтылып жатыр? Бар болғаны 200 миллион теңге алдық. Ал жеңіліске жақсы ойыншылардың жоқтығы себеп болды", - деп ақталды.
Федерация бюджеттен бір тиын да алмайды, бірақ федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы қаржы алып отыр. Соңғы жылдары облыс әкімдіктері кәсіпқой клубтарға 111 миллиард теңге бөлді. Мұнда федерацияға демеушілер мен республикалық бюджеттен, УЕФА, "Самұрық-Қазына" және тағы басқалардан бөлінген қаржыны қоссаңыз өте көп қаражат. Бірақ ресми дерек жоқ", - деді депутат премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында.
Сондай-ақ, Қазыбек Иса премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і, яғни жартысына жуығы легионерлер, оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосыңыз, сонда бәрі 166 легионер бар екенін айтты.
"Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатыр. Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салса, футбол бюджеті бізден екі есеге жуық аз Өзбекстан 10 стадион салып тастаған. ФИФА рейтингі бойынша Қазақстан қазір 125-орында. Ал футбол бюджеті ТМД-да ең төмен Қырғызстан 96-орында", - деді депутат.
Ол сондай-ақ мемлекет есебінен Бразилияға Ole Brasil академиясына футбол үйренуге барған 78 қазақстандық бала туралы да сөз болды. Айтуынша, қазір дайындықтан өткендердің ешқайсысы футбол ойнамайды.
"Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ! Әлемдік рейтингте ешқандай клубымыз 100-діктің қатарына кірмейді. Ал 200-діктің соңында, 186-шы орында тек бір "Астана" клубы ғана бар. Бірде бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы 500-дікке кірмейді. Ендеше, футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба?", - деді депутат.
Депутат "Ақжол" фракциясы атынан бюджетке байланған футбол клубтарының барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды.
"Әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнында отырмайды. Мемлекет қаржысын балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар жаттықтырушыларын даярлауға бағыттау керек. Ауылдарда дарынды балаларға жағдай жасау керек. Шағын тегін спорт залдарын салу керек. Жаттықтырушыларға лайықты жалақы төленуі керек", - деді депутат.
Сондай-ақ елдегі футболға жұмсалатын қаржының ашықтығын талап етті.
"Осы уақытқа дейін мемлекеттен футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс. Өйткені ол халық қаржысы! Еліміздегі кәсіби футбол клубтарына бюджеттен жыл сайын қанша қаржы бөлінді? Қазақстан футбол федерациясына 2002 жылдан бері УЕФА-дан жыл сайын қанша қаржы бөлінді? Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорынан және Ұлттық олимпиада комитетінен футбол федерациясына жыл сайын қанша қаржы бөлінді және қайда жұмсалды, бәрінің есебін ел білуі тиіс", - деп қосты мәжілісмен.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеуді D тобында соңғы орында аяқтады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также