“Ғимарат сілкініп, терезелер дірілдеді“: Павлодар облысының тұрғындары жер сілкінісі туралы не дейді?

“Ғимарат сілкініп, терезелер дірілдеді“: Павлодар облысының тұрғындары жер сілкінісі туралы не дейді? Видео кадры

Екібастұздағы жер сілкінісі кейбір тұрғындарды шошытты: адамдар дүмпу қайталана ма деп қорқып, үйлерінен жүгіріп шықты. Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде жерасты дүмпулері көмір кеніштеріндегі жарылыстармен байланысы болуы мүмкін деген қауесет тарады. Tengrinews.kz тілшісі шын мәнінде не болғанын анықтап көрді.

Екібастұздағы жер сілкінісі кейбір тұрғындарды шошытты: адамдар дүмпу қайталана ма деп қорқып, үйлерінен жүгіріп шықты. Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде жерасты дүмпулері көмір кеніштеріндегі жарылыстармен байланысы болуы мүмкін деген қауесет тарады. Tengrinews.kz тілшісі шын мәнінде не болғанын анықтап көрді.

"Жер аяғымның астынан сырғып бара жатқандай сезілді": не болды?

Екібастұз тұрғындары аздаған жерасты дүмпуін 26 мамырға қараған түні сезген. Алайда түске таман қала тағы да айтарлықтай сілкінді. Қала тұрғындарының айтуынша, пәтердегі люстралар мен жиһаздар тербеліп, қабырғалар дірілдеген, ал кейбір дүкенде сөредегі тауарлар құлаған.

Жарнама
Жарнама

"Мен дүкеннің жанында болдым, оған жақындай бергенімде ғимарат сілкінгенін, әйнектер дірілдегенін көрдім. Алдымен іште бір үлкен нәрсе құлап кеткен екен деп ойладым. Дүкен ішіндегі адамдар сөре мен витриналардың тербелгенін айтып жатты. Кейбіреулері кезекті толқыннан қорқып, үйлерінен жүгіріп шықты", – деді Екібастұз тұрғындарының бірі Tengrinews.kz тілшісіне.

Тағы бір қала тұрғыны жер сілкінісі болғанда сауда орталығында жүрген. Оның айтуынша, "жақын жерде жарылыс болғандай" сезілді.


"Біз далаға шыққалы жатқанбыз, кенет бәрі сілкініп, салдырлай бастады. Қорқынышты сезім болды, бейне бір жақын жерде жарылыс болғандай. Жер аяғымның астынан сырғып бара жатқандай сезілді. Көбісі дүрбелеңмен далаға қарай жүгірді. Кейін түнде де дүмпу болғанын, бірақ қатты емес екенін білдім. Қасымда мысығым ұйықтап жатқан, түнгі бірден аса ол кенет атып тұрып, терезеге қарай жүгірді. Енді оның қауіпті сезгенін түсініп отырмын", - дейді қыз.

Екібастұздың тағы бір тұрғыны дүмпу күшін 2024 жылдың қысында Алматыда болған жер сілкінісімен салыстырып, қарқындылығы бірдей болғанын атап өтті.

"Бұл күтпеген жағдай болды: ешкімде дүмпу түсірілген фото да, видео да жоқ. Мұндай жағдай бізде бірінші рет. Қатты дүмпу болды, тура 2024 жылдың қысында Алматыда болған күшті жер сілкінісіндегідей сезімде болдым. Алдымен үйдің астындағы құбырлар жарылды ма деп ойладым, өйткені біз бірінші қабатта тұрамыз, ол жерде жұмыстар жүріп жатыр. Қала тұрғындары мұның себебі карьердегі жарылыс жұмыстары болуы мүмкін деп айтып жатыр", – деді қыз бізге берген сұхбатында.

Анықтама: 2024 жылғы 23 қаңтарда күші 5 балдық қуатты дүмпулер түн ортасында Алматы тұрғындарының үрейін ұшырған болатын. Эпицентрі Қытай мен Қырғызстан шекарасында орналасты. MPV магнитудасы 6,7. Тереңдігі - 5 шақырым.

Дүмпу себебі туралы нұсқалар

Жер сілкінісі туралы ақпаратты Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) растады.

"ҚР ҰЯО ГЗИ мәліметтер орталығының жедел деректеріне сәйкес, 26 мамырда сағат 11:27-де Павлодар облысында, Екібастұздан оңтүстік-шығысқа қарай 9 шақырым жерде, карьер аумағында күшті сейсмикалық жағдай болды. Эпицентр координаттары: солтүстік ендік 51.67 градус, шығыс бойлық 75.45 градус. Магнитудасы – 5.0. Сейсмикалық оқиғаның сипаты анықталып жатыр", – деп хабарлады сейсмологтар.

Сарапшылар сейсмикалық белсенділік Екібастұзда ғана емес, жақын маңдағы басқа да елді мекендерде сезілгенін айтты.

Бұл ретте, жер сілкінісінен кейін бірден әлеуметтік желілерде дүмпу себебі Екібастұздағы көмір кеніштері біріндегі жарылыс жұмыстары болуы мүмкін деген болжам тарай бастады. Алайда "Богатырь көмір" компаниясы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Әлеуметтік желілерде тарап жатқан жерасты дүмпуінің "Богатырь көмір" ЖШС қызметімен байланысы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. ТЖМ сейсмикалық станциялар желісінің мәліметі бойынша, магнитудасы 4,5 жер сілкінісінің эпицентрі Екібастұздан оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде болған. Сейсмикалық оқиға табиғи сипатқа ие және компания кеніштерінде жарылыс жұмыстарын жүргізумен байланысты емес", - деп мәлімдеді кәсіпорын өкілдері.

Жер сілкінісінің қарқындылығы қандай?

Кейін ТЖМ эпицентр Баянауыл ауылында орналасқанын, онда жерасты дүмпуінің қарқындылығы 2 балл болғанын нақтылады.

Өңірлік ТЖД желіде жер сілкінісінің күші 4-6 балл болды деген жалған ақпарат тарап жатқанын атап өтті. Құтқарушылар пайдаланушылардың "магнитуда" мен "қарқындылық" ұғымдарын шатастырып жатқанын атап өтті.

Анықтама: Магнитуда - бұл жер сілкінісі кезінде бөлінген энергия көрсеткіші. Ол ошақтағы жер сілкінісін сипаттайды және тұтас оқиға бойынша бір мәнге ие болады.
Анықтама: Қарқындылық - бұл жер сілкінісінің нақты бір жерде қалай сезілгенінің көрсеткіші. Ол MSK-64(K) шкаласы бойынша балмен өлшенеді және эпицентрге дейінгі қашықтыққа, ошақ тереңдігіне, топырақ түріне және ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне байланысты болады.

"Сағат 11:28-де ТЖМ "Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Баянауыл ауылында жер сілкінісін тіркеді, есептелген қарқындылық 2 балл, магнитудасы - MPV 4.7 болды. Бұл көрсеткіш балл түріндегі қарқындылық емес, магнитуда. Осылайша, желіде тарап жатқан "4–6 балл" туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені мәселе сезілген дүмпу қарқындылығы туралы емес, жер сілкінісінің магнитудасы туралы болып отыр", – деп толықтырды ТЖД.

Сондай-ақ ведомство өкілдері жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылғанын айтты: 8-7182-20-11-12.

Нысандардың қирауы мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысаны штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Құлақтандыру жүйесі іске қосылмаған

Бұл ретте Баянауыл тұрғындары жерасты дүмпулерін сезбегенін айтса, екібастұздықтардың көбі сілкіністің қатты болғанын алға тартады. Қала тұрғындары ТЖД тарапынан ешқандай ресми хабарлама келмегеніне наразы.

"Аспалы төбеміз, қабырға мен люстрамыз теңселіп кетті. Қатты сілкінді. Өте қорқынышты болды. Дүмпуден кейін қалада діріл мен гуіл сезілді", "Люстра біреу әдейі тербеткендей қатты шайқалды, басым айналып кетті ме деп ойладым, бәрі дірілдеп кетті. Неге адамдарға қауіп туралы ескертпеді?", "Дүмпулер қайталанбайтынына кім кепіл", "ТЖМ, 112 қызметінен неге хабарлама жоқ?", - деп жазды екібастұздықтар әлеуметтік желілерде.

Екібастұз әкімі не деді?

Екібастұз әкімі Аян Бейсекин Instagram тікелей эфирінде қала тұрғындарына үндеу жасап, дүрбелеңге негіз жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, қазір бейінді қызметтер барлық мән-жайды анықтап, мамандар түскен өтініштер бойынша тексеру жүргізіп жатыр.

"Жағдай тұрақты, жедел жәрдемге жүгінгендер жоқ, қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелмеді. Әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерде аздаған салдар бар, мен қазір қала прокурорымен және жауапты мемлекеттік орган өкілдерімен бірге сол жерлерді аралап жүрмін, жағдай бақылауда", – деді Бейсекин.

Сондай-ақ қала басшысы анықталған барлық дерек бойынша сарапшылар тиісті баға беретінін және билік қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді. Ол қала тұрғындарын сабыр сақтап, жалған ақпарат таратпауға шақырды.

Бұл ретте әлеуметтік желілерде Энергетиктер көшесіндегі бір үйдің іргетасында пайда болған үлкен жарықшақ видеосы жарияланды. Екібастұз әкімдігі Tengrinews.kz тілшісіне видеодағы 9 қабатты, екі кіреберісті тұрғын үй екенін растады.

"Тұрғын үй инспекциясы аккредиттелген компаниямен бірлесіп ғимаратты тексеріп жатыр", - деп хабарлады қала әкімдігі.

Көпқабатты тұрғын үйдің жағдайы туралы толығырақ ақпаратты кейін беруге уәде етті.

Еске салсақ, 24 мамырда Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым қашықтықта жер сілкінісі болды. Ошағы Қырғызстан аумағында орналасқан.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама