Былтыр жыл аяғында БАҚ-та хакерлер Қазақстанның мемлекеттік органдарының серверлерін бұзып, шамамен жарты жыл бойы құпия деректерге қол жеткізгені туралы ақпарат пайда болды. Жағдайға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
Жарияланымдарда Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының деректеріне сілтеме жасап, хакерлер жарты жыл бойы Қазақстанның бірнеше мемлекеттік органының цифрлық жүйелеріне жасырын түрде қол жеткізгені айтылған.
Электрон пошта серверлері, домендік контроллерлер, жоғары артықшылықтары бар жұмыс станциялары және басқа да маңызды ішкі жүйелердің бұзылғаны туралы хабарланған. Сарапшылар қызметтік хат-хабарлар таралуы мүмкін екенін және ауқымды кибершабуылдың елеулі салдары болуы ықтимал екенін мәлімдеген.
Біз бұл оқиға мен оны тергеудің егжей-тегжейін білу үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүгіндік.
ЖИ министрлігі не деп жауап берді?
Министрлік мәліметінше, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының жария материалдарында көрсетілген кибероқиғалар туралы ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдарға белгілі.
"Аталған есеп заманауи киберқауіптер туралы хабардарлықты арттыру және ақпараттық қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейту мақсатында дайындалып, жарияланған", - делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сұрауына берілген жауапта.
Министрлік мәліметі бойынша, кибершабуылдардан кейін "тиісті сигналдар назарға алынып, белгіленген тәртіппен талданған".
Сондай-ақ ведомствода оқиғалар мен олардың салдарына талдау және бағалау жүргізілгенін айтты. Сонымен қатар кейбір тексеру және талдау шаралары әлі де жалғасып жатқандықтан, соңғы қорытындылар олар аяқталғаннан кейін жасалатыны хабарланды.
Қай серверлерге және қай мемлекеттік органдарға нақты кибершабуыл жасалғаны туралы сұраққа жауап берілмеді. Министрлік бұл ақпараттың шектеулі таралымға жататынын айтты.
"Оларды жария түрде ашу ақпараттық қауіпсіздікке қосымша қауіп тудыруы мүмкін", - деп мәлімдеді министрлік.
Сонымен қатар, ведомство қазақстандықтардың деректерінің және мемлекеттік органдардың қызметтік хат-хабарларының ауқымды таралуын растаған жоқ.
"Тексеру нәтижелері бойынша азаматтардың жеке деректерінің жаппай таралу деректері расталған жоқ. Қызметтік ақпараттың ықтимал әшкереленуіне байланысты жекелеген оқиғалар қарастырылды, олар қосымша техникалық және криминалистикалық тексеруден өтті (...) Қазіргі уақытта ұлттық немесе қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін көлемде қызметтік хат-хабарлардың, ішкі құжаттардың немесе есептік жазбалар деректерінің жүйелі түрде таралғаны туралы расталған мәліметтер анықталған жоқ", -деді министрлік өкілдері.
Сондай-ақ, ведомствода зиянкестер түрлі бағдарламалық құралдарды, соның ішінде зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны анықталғаннан кейін қосымша жауап шаралары қабылданып, қорғанысты күшейту бойынша ұсынымдар жолданғанын қосты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!