Halyk Bank пен Almaty Museum of Arts стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында банк 2026 жылы музейдің негізгі көрме, білім беру және баспа жобаларының бас серіктесі болмақ.
Құжатқа Halyk Bank-тің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова мен Almaty Museum of Arts мұражайының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов қол қойды. Бұл серіктестік Орталық Азиядағы ең ірі заманауи өнер мұражайы мен өңірдегі жетекші қаржы институтының күшін біріктіріп, елдегі бизнес пен мәдени ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруға жол ашады.
Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, мәдениет пен өнерге қолдау көрсету банктің әлеуметтік миссиясының маңызды бөлігі саналады.
"Біз әлеуметтік жауапкершілік Halyk-тың болмысына сіңген құндылық екенін жиі айтамыз. Сондықтан қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі саналатын мәдениетті қолдауды өз миссиямыздың ажырамас бөлігі деп білеміз. Заманауи өнер ашық әрі қарқынды дамитын орта қалыптастырып, әлеміміз бен өмірімізді жақсартуға септігін тигізер визионерлер мен инновациялық идеялардың пайда болуына жол ашады деп сенемін. Almaty Museum of Arts-пен әріптестігіміз - Halyk-тың елдегі мәдениет және білім саласын дамыту мен қолдауғабағытталған жүйелі қадамдарының бірі", - деді Halyk Bank басқарма төрайымы.
Үміт Шаяхметова соңғы бес жылда банк әлеуметтік жобаларға тікелей және Halyk қайырымдылық қоры арқылы шамамен 62 миллиард теңге бағыттағанын да атап өтті.
"Бұл - білім беру, медицина, мәдениет, өнер және спорт салаларын қамтитын жобалар. Біз үшін адамдардың дамуына мүмкіндік беретін бастамаларды қолдау маңызды", - деп толықтырды ол.
Мұражайды дамытуға арналған серіктестік
Меморандумға қол қою рәсімінде Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов мұражай әуелден Қазақстандағы заманауи өнердің маңызды жобаларын ұсынатын және мәдени ортаның дамуына сеп болатын халықаралық деңгейдегі мәдени институт ретінде құрылғанын атап өтті.
Оның сөзінше, Halyk Bank-пен арадағы серіктестік мұражайдың көрме және білім беру бағытындағы жұмысын кеңейтуге мүмкіндік береді.
"Біз ел мен өңір үшін маңызды мәдени алаңға айналатын мұражай құруға ниеттендік. Halyk Bank-тің қолдауы ауқымды жобаларды іске асыруға, шетелдік суретшілерді шақыруға және білім беру бағдарламаларын өркендетугежол ашады", - деді Смағұлов.
Сондай-ақ, ол мұражай үшін бас серіктестік нені білдіретінін де нақтылап өтті. Айтуынша, бұл қолдау ғимараттарды күтіп-ұстау, қызметкерлердің жалақысы немесе коммуналдық шығындарды жабу үшін емес. Басты мақсат - көрме жұмысын кеңейтіп, мәдени жобаларды көбейту.
Яғни, қаражат "үдеріске қызмет көрсетуге" емес, келушілер мұражайда көріп, сезіне алатын дүниелерге - көрмелер, каталогтар, зерттеу жұмыстары мен аудиторияға арналған жаңа бағдарламаларға жұмсалады.
Мұражайдың халықаралық жобалары
Өз кезегінде Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаева жиналған қауымға мұражай мен Halyk Bankбірлесіп, халықаралық деңгейдегі бірнеше ірі жобаны жоспарлап қойғанын айтып берді.
Биыл маусымда ашылатын "Билл Виола: екі дүние арасы" атты көрме 2026 жылдың басты мәдени оқиғаларының біріне айналмақ.
Билл Виола ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында медиаөнерде ең ықпалды болған суретшілердің бірі саналады. Оның ауқымды бейнеинсталляциялары уақыт, жады, руханият, өмір мен өлім секілді терең тақырыптарға арналған. Суретшінің қолынан шыққан туындылар әлемдегі ең ірі мұражайларда қойылған. Олардың арасында Нью-Йорктегі Заманауи өнер музейі, Tate секілді басқа да жетекші мәдени орталықтар бар.
"Билл Виола - видеоны көркем медиум ретінде мүлде жаңа деңгейде танытқан суретші. Оның шығармалары адамзатқа ортақ мәңгілік тақырыптарды қозғайды, терең ойға жетелейді. Суретшінің еңбектерін Алматыда ұсыну – біз үшін үлкен мәртебе", - деді Ходжаева.
Ол көрмеге суретшінің жұбайы әрі ұзақ жылдар бойы шығармашылық серіктесі болған Кира Перов арнайы қатысатынын атап өтті.
"Бұл іс-шара Қазақстанның ғана емес, тұтас өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналатын халықаралық деңгейдегі ауқымды жоба болады", - деді мұражай директоры.
Оның сөзінше, мұражай халықаралық байланыстарын белсенді нығайтып, алдыңғы қатарлы мәдени институттармен әріптестік орнатып жатыр. Қазірдің өзінде Tate және Getty Foundation-мен бірлескен жобалар жүзеге асқан.
Мұражай есігін айқара ашқан 2025 жылдың күзінен бері өнер ордасына 250 мыңнан астам адам келген.
Алмагүл Меңлібаеваның экскурсиясы
Меморандумға қол қойылған күні іс-шара қонақтары Алмагүл Меңлібаеваның "Мен бәрін түсінемін" атты көрмесін тамашалады.
Экспозиция бойынша экскурсияны суретшінің өзі жүргізді. Ол шығармашылық жолының әр кезеңіндегі туындылары туралы әңгімелеп, 1980-ші жылдардың соңындағы алғашқы кескіндеме жұмыстарынан бастап, кейінгі бейнеинсталляциялар мен мультимедиялық жобаларына дейін таныстырды.
Алмагүл Меңлібаева - халықаралық өнер кеңістігінде кеңінен танымал қазақстандық суретшілердің бірі. Оның еңбектері әлемдегі ірі биеннале мен көрмелерде ұсынылған. Шығармашылық тәжірибесінде ол кескіндеме, фотосурет, видео және перформанс бағыттарында жұмыс істейді. Автордың туындыларының негізгі тақырыптары - жады, болмыс, тарих және Орталық Азиядағы мәдени трансформациялар.
"Мен бәрін түсінемін" көрмесінде оның әр кезеңдегі шығармалары біріктіріліп, бірнеше онжылдықта автордыңкөркем тілінің қалай өзгергенін аңғаруға мүмкіндік береді.
Экскурсия кезінде автор өз туындыларының жасалу контексі мен жекелеген жобаларына арқау болған идеяларды түсіндірді. Көрмедегі туындылардың басым бөлігі адам мен тарих және өңірдің мәдени жадысының өзара байланысын зерделейді.
Айта кетейік, Билл Виола мен Алмагүл Меңлібаеваның көрмелері үшін арнайы ғылыми каталогтар да жарық көреді. Олар ұзақмерзімді зерттеу жұмыстарына негіз болып, кәсіби дискурстардың аясын кеңейтуге септігін тигізбек.
Жады мен болмыс туралы спектакль
Іс-шараның мәдени бағдарламасы аясында "Тамыр" спектаклінің бейімделген нұсқасы да ұсынылды.
Аты айтып тұрғандай, қойылымға жады, адамның шыққан тегі және мәдени болмыс тақырыптары арқау болған.
Қойылымның іс-шара қонақтары үшін әзірленген арнайы нұсқасы меморандумға қол қою және көрменің жаңа бөлімінің ашылуына арналған бағдарламаның бір бөлігі болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спектакль шараның көркемдік тұжырымдамасын толықтыра түсіп, мұражай заманауи өнердің түрлі бағыттарын қалай шебер тоғыстыра алатынын тағы бір мәрте көрсетті.
Өнер – болашаққа салынған инвестиция
Almaty Museum of Arts өкілдерінің айтуынша, Halyk Bank-пен серіктестік көптеген жаңа жобаларды жүзеге асыруға, білім беру бағдарламаларын арттыруға және заманауи өнерді кең аудиторияға жақындата түсуге мүмкіндік береді.
Үміт Шаяхметованың сөзінше, мәдени бастамаларды қолдау жаңа идеялар жетіліп, шығармашыл буын дами алатын орта қалыптастыруға септігін тигізеді.
"Біз мәдениетке салынған инвестиция - елдің келешегіне салынған инвестиция деп сенеміз. Мұндай жобалар қоғамның зияткерлік әрі рухани негізін қалыптастырады", - деді ол.
Мұражай өкілдері де Halyk Bank-пен арадағы ынтымақтастық Қазақстандағы мәдени инфрақұрылымның дамуындағы маңызды қадамға айналып, халықаралық деңгейдегі батыл жобалар мен білім беру бастамаларын іске асыруға және ғылыми каталогтар шығаруға мүмкіндік береді деп есептейді.