Адам ұрлау, соққыға жығу және бопсалау бойынша айыпталып отырған Хасан Қасымбаев сотта өз кінәсін мойындамады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Прокурор Хасан Қасымбаевқа қатысты айыптау актісін оқып шыққаннан кейін, судья Айнагүл Түкібаева айыпталушылардан айыппен келісетін-келіспейтінін сұрады.
"Мен өз кінәмді толықтай мойындамаймын", — деп жауап берді Қасымбаев.
Руслан Әлиев бұзақылықты мойындап, қалған айыптарды теріске шығарды. Мадияр Қалимжанов бұзақылықты ішінара мойындап, қалған баптармен келіспеді. Сайлау Ақжанов кінәсін мойындамады. Данияр Асқаров пен Нұрмұхаммет Сұлтанбеков кінәсін толық мойындамады.
Бұған дейін сотта прокурор Ерлан Құланбаев адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (жәбірленуші - ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов) және бопсалау (жәбірленуші - Әріпжан Тәжиев) істері бойынша егжей-тегжейлі айыптау актісін оқыды.
Кейін прокурор Арман Әлімовтың соққыға жығылуы салдарынан алған жарақаттарына қатысты сот-медициналық сараптаманың қорытындысын жария етті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!