Астанада бірқатар құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәліге қатысты іс тергеліп жатыр, ол қазірдің өзінде қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл оқиғада атышулы Перизат Қайраттың қайырымдылық қорымен байланысты эпизод бар, сондай-ақ құрылысшының танымал спортшыларға пәтер уәде еткені де белгілі болды. Tengrinews.kz тілшісі Мөлдір Сүйіншәлінің ісі мен тұлғасына қатысты осы уақытқа дейін белгілі болған барлық деректі жинақтады.
Іс туралы не белгілі?
Жақында Қаржылық мониторинг агенттігі Мөлдір Сүйіншәліге қатысты тергеу туралы хабарлады. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Тергеу кезінде ол үйқамақта болады.
ҚМА мәліметінше, Сүйіншәлі 2021-2024 жылдар аралығында өзі бақылайтын компаниялар арқылы Астанадағы Nura Elite коттедж қалашығын салу үшін адамдардың қаражатын тартқан. Жоба бойынша 37 коттедж және 24 таунхаус салу көзделген. Сатып алушыларға жұмысты 2023 жылдың аяғына дейін аяқтауға уәде берілген, бірақ бұл орындалмады.
Іс бойынша 56 адам жәбірленуші деп танылды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 миллиард теңге болған.
Сондай-ақ ҚМА үлескерлер ақшасының бір бөлігі, 322 миллион теңге Сүйіншәлінің өзінің, жұбайының және анасының шоттарына аударылғанын мәлімдеді. Агенттік деректері бойынша, тағы 145 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Бұдан бөлек, тергеу жылжымайтын мүліктің екі рет сатылу дерегін хабарлады. ҚМА мәліметінше, сатып алушы әйел ақысын толық төлеген коттедждердің бірі жеке міндеттемелер бойынша кепіл ретінде пайдаланылған. Осыдан кейін нысан үшінші тұлғаларға қайта ресімделіп, кейін бірнеше рет қайта сатылған.
Сонымен қатар, тергеу нұсқасы бойынша, сатып алушылармен жер телімдеріне құқықтарды беруді көздейтін келісімшарттар жасалған, алайда күдіктінің оларды иелік етуге заңды негіздері болмаған.
Бұл оқиға Перизат Қайратпен қалай байланысады?
ҚМА мәліметінше, тартылған қаражаттың бір бөлігі мақсатсыз пайдаланылған. Атап айтқанда, олар Астанадан "Асылхан" тұрғын үй кешенін салу үшін жер телімін сатып алуға бағытталған, бірақ агенттік мәліметінше, бұл жобаға қажетті рұқсаттар болмаған.
Сүйіншәлінің ісін Перизат Қайраттың резонанс тудырған оқиғасымен дәл осы эпизод байланыстырады.
Перизат Қайратпен байланыс Астана тұрғыны Әсел Омарованың оқиғасынан көрінеді. Ол 2022 жылы баспана алу үшін қолындағы нәрестесімен такси жүргізіп жүрген видеосынан кейін кеңінен танымал болған еді. Ол кезде бұл видео қоғамда үлкен резонанс тудырды: қазақстандықтар ол үшін екі миллион теңгеге жуық қаражат жинады, ал "Біз біргеміз" қорының жетекшісі Перизат Қайрат оған пәтер сыйлауға уәде беріп, тиісті сертификатты табыстады.
Міне, Әсел Омароваға сертификат тапсыру рәсімінен кадрлар.
Кейінірек арада екі жыл өтсе де Әселдің уәде етілген баспананы әлі алмағанын және балаларымен жатақханада тұрып жатқанын жазған болатынбыз. Ол кезде Перизат Қайрат кәсіпкерлер мен пәтердің болашақ иесі арасында "тек делдал" болғанын, ал келісімшарт Әсел Омарова мен Мөлдір Сүйіншәлі негізін қалаған MM Group компаниясы арасында жасалғанын мәлімдеген еді.
Осыған байланысты ҚМА Перизат Қайраттың "Біз біргеміз" қайырымдылық қоры арқылы БАҚ-та мұқтаж әйелге пәтер берілгені туралы ақпарат таратылғанын хабарлады. Алайда, тергеу мәліметтері бойынша, пәтер болуы тиіс "Асылхан" тұрғын үй кешенінің құрылысы іс жүзінде тіпті басталмаған.
Перизат Қайраттың ісі қайырымдылық саласындағы ең резонанс тудырған істердің бірі болды. 2024 жылдың қарашасында ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден аса қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталды. Кейінірек Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмекке арналған қаражатты иемденді деген күдіктер пайда болды.
2025 жылдың шілдесінде Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды. Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры сот шешімімен таратылды.
Бұл жағдайда Әсел Омарованың пәтеріне қатысты эпизод өте өзекті көрінеді: бір хикаяда жария қайырымдылық, медиалық уәде, баспана сертификаты және тергеу нұсқасы бойынша құрылысы тіпті басталмаған нысан тағы да тоғысып отыр.
Айта кетейік, 2024 жылы желідегі резонанстан кейін Астана әкімдігі Әсел Омароваға қолдау көрсетті: 200 мың теңгенің сертификатын беріп, ол бұл ақшаға жалдамалы пәтеріне теледидар сатып алды. Жеке баспана мәселесі ол үшін әлі де өзекті күйінде.
Мөлдір Сүйіншәлінің ұсталғаны туралы жаңалық Әселді абдыратып қойған: ол бұл туралы жаңалықтардан білген. Кезінде оған көмек беруге уәде еткен адамдардың тағдырына қарап, екіұдай сезімде екенін мойындайды.
Сүйіншәлі тағы кімдерге пәтер уәде еткен?
Сүйіншәлінің жария қайырымдылығы тек Әсел Омарованың хикаясымен ғана шектелмейді. Tengri Sport басылымы құрылысшының қазақстандық танымал MMA файтерлеріне пәтер беруге уәде еткені туралы жазған болатын.
2024 жылы файтер Әліби Ыдырыс оның Астанадағы салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер беруге шешім қабылдағанын айтқан еді. Кейіннен спортшы пәтерді сол күйі алмағанын және соңында сыйлықтан мүлдем бас тартқанын хабарлады. Сондай-ақ Сүйіншәлінің Нұрбек Әбдірахманов пен Фаниль Рафиков сынды басқа да файтерлерге сыйлық беретінін жариялағаны айтылған болатын.
Кілттерді табыстау туралы видеоның астында пәтерлердің сол күйі берілмегені туралы пікірдің тұрғанына бір жылға жуықтады.
Naiza лигасының басшысы Нұрбек Қарабала Сүйіншәлінің демеуші ретінде көрініп, әлеуметтік бастамаларға қатысқанын Tengri Sport-қа растады. Сонымен қатар, ол қазір тергеудің ресми нәтижелері мен құқықтық бағасын күту маңызды екенін атап өтті.
Сүйіншәлі туралы не белгілі?
Қылмыстық іс қозғалғанға дейін Мөлдір Сүйіншәлі құрылыс саласындағы жас кәсіпкер ретінде танымал болды. 2021 жылы ол MM Group-тың негізін қалаушы ретінде Forbes Kazakhstan-ның "30-ға дейінгі 30" рейтингіне енді – ол кезде оның жасы 26-да болатын.
Басылым мәліметінше, Сүйіншәлі жұмысын даяшы болып бастап, кейін Jah Khalib-тің концерттік директоры болған, содан кейін құрылыс бизнесіне келген. Жарияланымда ол дәстүрлі түрде ерлер саласы болып саналатын кәсіпте мансап жолын өзі қалыптастырған (self-made) кәсіпкер ретінде танылды.
Жағдай мүлдем қарама-қайшы сипатта: осыдан бірнеше жыл бұрын ол жас, табысты іскер әйел, Forbes рейтингінің мүшесі және меценат образында болса, қазір – қылмыстық іс, ондаған жәбірленуші және жобаларға, құжаттар мен қаражат қозғалысына қатысты көптеген сауалдар туындап отыр.
Instagram-дағы "керемет өмір"
Бұл хикаяның тағы бір қыры – Сүйіншәлінің көпшілік алдындағы имиджі. Әлеуметтік желілерде ол өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетті: ірі жобалар, іскерлік кездесулер, қайырымдылық шаралары.
Сырттай қарағанда бұл бейне өзіндік бір "витрина" іспетті қабылданды: құрылыс бизнесіндегі жас әйел, компания негізін қалаушы, меценат, мұқтаж жандарға көпшілік алдында пәтер уәде еткен тұлға.
Қоғамда табысты жоба образы сақталып тұрғанда, тергеу нұсқасы бойынша, сатып алушылардың бір бөлігі ақысы төленіп қойған баспаналарын күтумен болған. Негізгі қарама-қайшылық та осында: жария бедел заңдық тұрғыдан маңызды процедураларды – рұқсат құжаттарының болуын, құқықтарды рәсімдеуді және қаражаттың жұмсалу ашықтығын алмастыра алмайды.
Неге бұл жай ғана құрылыстың кешігуіне қатысты дау емес
Қазақстанда құрылысқа қатысты даулар сирек емес. Алайда, бұл істе тергеу нұсқасы бойынша әңгіме тек құрылыстың кешігуі туралы ғана болып отырған жоқ.
ҚМА материалдарында бірнеше эпизод бар: азаматтардың қаражатын тарту, аяқталмаған нысандар, күдікті мен оның туыстарының шоттарына жасалған аударымдар, қолма-қол ақшаға айналдыру операциялары, жылжымайтын мүліктің ықтимал қос сатылымы, жер телімдерімен мәмілелер, сондай-ақ қайырымдылық контекстінде аталған, бірақ тергеу мәліметтері бойынша іс жүзінде құрылысы басталмаған нысан.
Алдағы жағдай қандай болмақ?
Тергеу жалғасып жатыр, іске соңғы құқықтық бағаны сот береді. Қазіргі сәтте Мөлдір Сүйіншәлінің оқиғасы бір ғана құрылыс дауының шеңберінен шығатын бірнеше өзара байланысты эпизодтарды қамтиды.
Материалдарда үлескерлердің қаражаты, аяқталмаған нысандар, жария қайырымдылық бастамалары және Перизат Қайрат ісінің салдары көрініс тапқан.
Перизат Қайраттың ісі бұған дейін қайырымдылық саласында үлкен қоғамдық резонанс тудырған болатын. Ал Мөлдір Сүйіншәлінің хикаясы құрылыс саласының ашықтығына және мәміле жасалып, қаражат аударылғанға дейін жария уәделерді тексеру механизмдеріне қатысты сұрақтарды көтереді.