Елімізде отандық өнімге деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Осы ретте мемлекеттің қолдауына ие болған өңір шаруаларының ісі биыл берекелі болды.
Қоймаларды артығымен толтырған кәсіпкерлер азық-түлік үшін алдағы қысқа алаңдаушылықтың жоқтығын алға тартуда. Күні кеше ғана миллион тоннадан астам пияз жинаған шаруалар картоптан да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.
Жасыратыны жоқ, өңір шаруалары үшін биылғы жиын-терін өнімді болды. Айталық, аграрлық аймақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің басым көпшілігімен өзіміздің облысты ғана емес, басқа өңірлерді де қамтамасыз етіп отыр. Яғни күріш пен қарақұмықтан басқасының барлығы өзімізде өндірілуде.
Тамшылатып суару технологиясы арқылы сала мамандары су тапшылығы мәселесінің де оң шешімін тапты.
Осылайша асыраушы салаға айрықша басымдық берілген өңірімізде қазірдің өзінде жиналған картоптың 160 мың тоннасы ішкі нарыққа сатылымға шығарылған. Облыста картоп дақылын жинауда алты аудан, атапайтқанда, Меркі, Қордай, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Сарысу аудандары көш бастап тұр.
Бүгінгі күні алқаптан 290 мың тоннаға жуық картоп жиналып, былтырғы жылмен салыстырғанда 22 мың тонна артығымен өнім алынды. Облыс бойынша әр гектардан алынған орташа өнім 250 центнерді құрап отыр.
11 мың 600 гектардан артығымен жиналған өнім жергілікті қоймалардан 90 теңгеден де сатылуда. Сол секілді облыс орталығында апта сайын қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде де сұранысты қанағаттандыруда.
Шаруалар алдағы жылы тұқым алуға мемлекет тарапынан биылғыдай қолдау болса, келешекте картоптан еш таршылық көрмейміз деп отыр.