Сотталған блогер Жанәбіловтерден тәркіленген автокөліктер сатылымға шығарылды. Тиісті хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімі сайтында жарияланған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Хабарландырулар
Порталда барлығы Hyundai Elantra маркалы сегіз автокөлікті сату туралы хабарландыру орналастырылған, олардың барлығы - 2025 жылы шыққан. Сот шешімімен Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан дәл осындай көліктер тәркіленген болатын.
Хабарландырулардың мазмұнына қарағанда, сегіз автокөліктің барлығы да Zhana Business ЖШС атына тіркелген, оның басшысы - Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегенова.
Тәркіленген көліктер Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгерімінде тұр.
Қазір автокөлікті сатып алуға ниетті жандар E-Qazyna сайтында өтінім бере алады, алайда онда көліктің бастапқы бағасы көрсетілмеген. Әр машинаның бағалау құны 8 395 000 теңге болған.
Нысандардың сипаттамасында мүлік мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне беру үшін ұсынылмайтыны көрсетілген. Өтінімді тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін органдар ғана бере алады.
Әр автокөліктің сипаттамасында жиынтыққа екі кілт пен көлік құралын тіркеу туралы куәлік (техпаспорт) кіретіні жазылған. Бұл ретте жүк салғышта қосалқы дөңгелек пен стандартты құрал-саймандар жиынтығы жоқ. Сондай-ақ автокөліктің техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес екені атап өтілген. Сонымен қатар көлік құралына арест қойылған.
Көрсетілген мекенжайға сүйенсек, автокөліктер Астанада қалалық жүк тасымалын жүзеге асыратын компанияның аумағында тұр.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салсақ, сәуірде Астана соты Жанәбілов пен Төлегеноваға қатысты үкім шығарған болатын. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.
27 сәуірде сот мынадай жаза тағайындады:
- Эльмира Төлегеноваға - мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жазаның орындалуы 2 жылға шегерілді;
- Ерболат Жанәбіловке - мүлкі тәркіленіп, 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Сондай-ақ бастапқыда прокурор қатаңырақ мерзім сұрағанымен, кейін айыптаушы тарап мәміле жасауға келіскені атап өтілді.
Үкімнен кейін блогерлерге не істеуге рұқсат етілген?
Заң тұрғысынан Ерболат Жанәбіловке блог жүргізуге тыйым салынбаған. Бұған дейін заңгер блогерлік қызмет жалғасуы мүмкін, бірақ шартты мерзімге байланысты бірқатар шектеулер бар деп түсіндірген болатын.
Ол келесі істерді атқара алады:
- блог жүргізу және контент жариялау;
- жарнама берушілермен жұмыс істеу;
- жұмыс істеу және оқу.
Бірақ мынадай шектеулерді сақтауға міндетті:
- сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйінде болу;
- жұмысқа қатысы жоқ көңіл көтеру орындарына бармау;
- тұрғылықты жері немесе жұмыс орны ауысқан жағдайда хабардар ету;
- шетелге шығу мүмкіндігі шектелген.
Пробациялық бақылау 2 жылға созылады, ал тәртіп бұзылған жағдайда шартты мерзім нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.
Эльмира Төлегенованың жағдайы
Эльмира Төлегенова үшін басқа құқықтық режим белгіленген - жас балаларының болуына байланысты жазаның орындалуы 2 жылға шегерілді.
Ол үшін анағұрлым жеңіл шарттар қолданылады:
- жүріп-тұру уақыты бойынша шектеу жоқ;
- блог жүргізуге және жұмыс істеуге болады;
- кез келген жерге баруға рұқсат етілген.
Алайда, қоғамдық тәртіп бұзылған немесе ата-аналық міндеттер тиісінше орындалмаған жағдайда шегерудің күші жойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда жаза 2 жыл бас бостандығынан айыру түрінде орындалуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: “Бәріміз рақымшылықты күтеміз“. Жанәбіловтердің адвокаты үкімнен кейін пікір білдірді