Жетісу облысы Нұркент ауылында балаларын соққыға жықты деген айыптаумен ұсталған әйелдің екі баласы қазір Талдықорғанда, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жасы төрт және екідегі ұлдар қазір облыс орталығындағы балаларға арналған мекемелердің бірінде. Бұл туралы Жетісу облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ермек Егiнбаев мәлімдеді.
Балалар омбудсменінің айтуынша, қазіргі уақытта екі бала да қауіпсіз жерде.
"Балалар қазір Талдықорғанда, қауіпсіз жағдайда. Оларға барлық қажетті күтім жасалып отыр: тамақ, ойыншықтар бар. Бүгін өзім барып, екі баламен де кездестім. Жағдайлары жақсы. Оларға тәрбиешілер мен дәрігерлер, соның ішінде логопед пен психолог та тұрақты түрде бақылау жүргізіп отыр. Балалардың әрі қарайғы тағдыры қарастырылып жатыр және бұл мәселе қатаң бақылауда", - деді Ермек Егiнбаев.
Еске салайық, оқиға Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Нұркент ауылындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Видео әлеуметтік желілерге тарап кеткен.
Видеода әйелдің шамамен 3–4 жастағы баланы сабап жатқаны көрінеді. Ол баланы теуіп, қолынан жұлқылап, бұрап, басы мен арқасынан бірнеше рет ұрған. Жазба сипаттамасында ананың өз баласын батареяға байлап, ұрып-соққаны, сол сәтте пәтерде тағы үш баланың болғаны айтылған.
Кейін полиция күдіктіні ұстап, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!