Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу барысына түсінік берді. Полиция өкілі күдіктінің жауапкершіліктен жалтармайтынына сендірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әленовтің айтуынша, күдікті қазір Алматы облысының Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханада жатыр. Қылмыстық іс бойынша қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.
"Сараптамалар жүргізілгеннен кейін, бір ай ішінде қылмыстық іс сотқа жолданады. Ол міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселеде ешқандай алаңдаушылық болмауы керек", - деді Әленов сенат кулуарында.
Күдіктілердің ақыл-есі дұрыстығын тексеру туралы сұраққа жауап бере отырып, ол мұндай процедуралардың стандартты екенін нақтылады.
"Иә, барлығы тексеріледі. Бір ай бойы оған зерттеу жүргізіледі. Сараптама нәтижелерін алған бойда қылмыстық іс сотқа жіберіледі", - деді ол.
Күдікті психиатриялық ауруханаға жатқызылды
Айта кетсек, бұған дейін марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров іс аясында сараптамалар тағайындалғанын хабарлады.
Осыған байланысты 28 жастағы күдікті Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас ауылындағы мамандандырылған үлгідегі қарқынды бақылау жасалатын республикалық психиатриялық ауруханаға орналастырылған.
Сонымен қатар марқұмның туыстары күдікті психикалық ауытқуды сылтау етіп, қылмыстық жауапкершіліктен қашуға тырысуы мүмкін деп қауіптенеді.
"Оны есі дұрыс емес деп танып, нақты жазадан құтылып кете ме деп қорқамыз", - деді Нұрайдың ағасы.
"Кісі өлтіру", "Алып қашу" және "Сталкинг"
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылып отыр:
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – "Аса қатыгездiкпен жасалға адам өлтіру";
- 125-1-бап – "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
- 115-1-бап – "Сталкинг".