ПОДЕЛИТЬСЯ
29 қыркүйек 2020 | 14:46
"Жібек жолының аспаны". Қытай елшілігі конкурс нәтижесін жариялады
Қазақстандықтардың арасында Қытай және оның әндері туралы конкурстың нәтижесі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстандықтардың арасында Қытай және оның әндері туралы конкурстың нәтижесі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Конкурсты Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі Конфуций институтымен бірлесе ұйымдастырды. "Жібек жолының аспаны" деген ұранмен өткен жарыс ҚХР құрылғанына 71 жыл толуына орай өтті. Сайыста еліміздің әр түкпірінен 300-ге жуық өнерпаз бақ сынады, ең жас қатысушы - 14 жаста. Әр қатысушы білімін, шығармашылық мүмкіндігін және қабілетін көрсетті.
"Пандемия бізге кедергі болмады, керісінше жақындастырды. Конкурс шілде, тамыз айында өткен қытай тілі курсының жалғасы болды. Бұл қытай тілі мен мәдениетін үйренетін жандар үшін тек қабілетін көрсетіп қоймай, тәжірибе алмасу платформасына айналды. Тіпті жақсы пікірлерге қарап, күтпеген нәтижеге қол жеткіздік деуге болады. Конкурстардың арқасында достарымыз көбейді. Біздің бастамамыздың басты мақсаты да осы болатын", - деді ҚХР елшісі Чжан Сяо жеңімпаздарды онлайн марапаттау жиынында.
Қытай туралы конкурс 2 кезеңнен тұрды. Іріктеу кезеңінде қатысушылар жарты сағат ішінде ел саясаты, экономикасы, технологиясы, дипломатия, мәдениеті, Қытайдағы білім туралы, сондай-ақ Қазақстан-Қытай арақатынасы туралы 40 тест сұрағына жауап берді. Финалға өткендер 40 минут ішінде 80 сұраққа жауап берді. Жеңімпаздарға планшет, смартфон, электрон кітаптар табысталды.
Қытай әндерінің конкурсы вокал, қытай тілін білуі, мәнерлеп айтуы бойынша бағаланды. Оларға әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы жеңімпаздар таңдалды. YouTube, Instagram, Bilibili (Қытайда танымал видеохостинг) желісіне қатысушылардың видеосы жүктелді.
"Бұл қытайлықтардың Қазақстанды тануы және рухани жақындығы үшін маңызды бағыт болады деп үміттенемін. Сондай-ақ қатысушылардың арасында болашақта тағы Димаш шығып қалар деген ойдамын", - деп құттықтады елші.
Конкурсты Конфуций институтының 5 филиалы: әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қарағанды МТУ, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университеті бірлесе ұйымдастырды. Олар елдер арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға үлес қосады.
"Біздің университет жанындағы Конфуций институты 10 жылда айтарлық көп жұмыс атқарды деп айта аламын. Университеттер мен мектептердің 7 филиалында қытай тілін 15 мыңнан аса адам үйренді. Сондай-ақ қытайтанушылардың ғылыми-зерттеу орталығы ашылды", - деді Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров.
Конкурсқа қатысқан Таңшолпан Мұқанның айтуынша, ол қытай тілін үйренуге көп уақыт бөледі.
"Мен өз мамандығымды қытай тілімен байланыстырғым келеді. Үш жылдан бері үйреніп жүрсем де, әлі көп нәрсе білмейтінімді түсініп келемін. Сондықтан бұл конкурстың мен үшін маңызы зор және қысқа уақытта осы кезеңнен өткеніме қуаныштымын", - деді ол.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также