ПОДЕЛИТЬСЯ
07 мамыр 2021 | 14:33
"Жедел жәрдем оны құтқаруға үлгерер еді" - вакцинадан қайтыс болды деген алматылықтың туысы
Вакцинаның екінші компонентін салдырып келгеннен кейін қайтыс болған алматылықтың туыстары дәрігерлердің жұмысына сын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Вакцинаның екінші компонентін салдырып келгеннен кейін қайтыс болған алматылықтың туыстары дәрігерлердің жұмысына сын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Юлия Нұртазинаның айтуынша, туған ағасы Бақытжан Нұртазинде вакцинация кезеңінде қан қысымы жоғары болған. Ол мұндайда дәрігерлер вакцинаны неге еккенін түсінбей отыр.
"Бірінші я екінші вакцинациядан кейін оның қан қысымы 140-та 90 болды, яғни гипертония. Екпе Бақытжанның жүрегінде тромб жиналуына себеп болуы мүмкін еді. Екінші вакцинацияға ол 12:00-ге жазылды, бірақ 12:29-да анасына қоңырау шалып, үйге жетіп қалғанын айтқан. Ол емдеу бөлмесінде жарты сағат отырмағаны анық. Ағам үйге келген соң дем алуы қатты қиындады, кеудесі қысылды, былай алсақ сол отыз минутта. Ол анама ұйқысы келгенін айтып, жатты. Содан кейін шамамен бір сағаттан соң оянып, құса бастады.
Сағат 14.43-те Бақытжан құлап түсті, анам бірден жедел жәрдемге қоңырау шала бастады. Бірақ ол да тез келмеді. Анам жиырма минут бойы оған жүрек массажын жасап, жедел жәрдемге қоңырау шалып отырды. Соңғы қоңырау 15:05-те болды, ал 15.21-де анам жылап маған қоңырау шалды, бригада өлімді тіркегенін айтты. Біз Жароков пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында тұрамыз, ал ең жақын жедел жәрдем станциясы үш көше ары орналасқан. Оқиға демалыс күні болды, жедел жәрдем оны құтқаруға үлгерер еді", - дейді марқұмның қарындасы.
Ол ағасы ешқашан жүрегім ауырады деп айтпағанын мәлімдеді. Енді Юлия дәрігерлерді немқұрайдылығы үшін айыптап отыр.
"Бақытжан музыка мектебін бітірген, достары оны ұлы композитор Шопеннің шығармаларына деген махаббаты үшін соның есімімен атайтын. Бала кезінен оқуды жақсы көрді, алты жасынан "Жасыл энциклопедияны" оқи бастады. Ол жобалаушы болып құрылыс компанияларда жұмыс істеді. Өкінішке қарай, отбасын құрып үлгермеді", - деді ол.
Бұған дейін дәрігерлер вакцинаның екінші дозасын салдырғаннан кейін қайтыс болған 42 жастағы алматылық Бақытжан Нұртазиннің өлімінің алдын ала себебі жедел жүрек-тамыр жеткіліксіздігі екенін хабарлаған болатын. Өлім себебін анықтау үшін тергеу басталып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижелері қосымша хабарланады, нақты диагноз гистологиялық зерттеуден кейін шығады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также