ПОДЕЛИТЬСЯ
10 желтоқсан 2021 | 18:46
ЖЕЭК отырысында Назарбаев пен Тоқаев не туралы айтты?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) биылғы қорытынды отырысы бейнебайланыс режимінде өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) биылғы қорытынды отырысы бейнебайланыс режимінде өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиын барысында Жоғары кеңестің Құрметті төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин және ЖЕЭК-ке бақылаушы мемлекеттердің басшылары ретінде Куба президенті Диас-Канель Бермудес пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты ашып, модератор болды. Мемлекет басшысы сыртқы факторлар мен карантиндік шектеулерге қарамастан, Одақ аясындағы макроэкономикалық көрсеткіштердің қарқынына көңілі толатынын атап өтті.
"Биылғы 9 айдың ішіндегі өзара сауда-саттық көлемі 32,5 пайызға артып, 52 миллиард долларға жетті. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 16,5 пайызға жоғары. Одаққа мүше елдер арасындағы экспорт көлемі ұлғайды. Мысалы, Қазақстан экспортының өсім көлемі 39 пайыз болды. Салыстырмалы түрде алғанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа да елдердегі экспорт көлемі артқан", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Одақтың төрағалығына кіріскен кездегі бірлескен жұмыстардың бес бағытына, атап айтқанда, өнеркәсіптік кооперацияны күшейту, өзара саудадағы кедергілерді жою, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, үшінші елмен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне тоқталды.
"Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес екенін түсінеміз. Дегенмен қазірдің өзінде олардың кейбірі табысты жүзеге асырылып жатыр", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған бірлескен жұмыстардың нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкіметтері мен Еуразиялық экономикалық комиссияның атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлер жағдайында назар аударуды қажет ететін бірқатар ұсыныс айтты. Ол цифрлық өнім мен электронды қызмет көрсетуге деген сұраныстың зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, қазірдің өзінде әлемдік машина жасау нарығында микрочиптер мен компьютерлік құралдардың тапшылығына қатысты жүйенің жиі істен шығу деректері байқалады.
"Осыған байланысты үкіметтерімізге ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік құралдар шығару жөніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсыру ұсынылады. Кәсіпорындарымыздың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік база құру қажет, ал содан кейін экспортты жолға қоюға болады", - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев құрғақтағы тасымал мәселесін дамытуды, "жүрдек" трансқұрлықтық дәліздерді ретке келтіруді және олардың өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді өзекті санайды. Осы ретте Президент Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өткізу желісін құруға қатысты елдеріміздің бастамаларына назар аударды.
"Қазақстан кейінгі екі жыл бойы Көтерме-тарату орталықтарының ұлттық желісін құру жұмыстарын жүргізіп келеді. Біз Одаққа мүше елдердің тауар өткізу жүйесін қалыптастыруға және интеграциялауға белсенді атсалысуға дайынбыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кедергілерді, шектеулерді дәйекті түрде қысқартудың маңызды екенін айтты. Биыл ақпанда өткен Алқа отырысында кедергілерді бөлудің әдістемесі бекітілді. Енді кедергілерді қарастырып, жүйелеу үдерісі, яғни олардың түрі мен қолданылу мерзімі бизнеске тиімді болу үшін регламенттелді. Президент шағын және орта кәсіпорындарды еуразиялық интеграция және кедергісіз сауда үдерісіне тарту ісін жалғастыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының тиімділігіне және оның Одаққа мүше мемлекеттермен өзара ықпалдастығына арнайы тоқталды. Президент бес елдің мүддесін ескере отырып, бірыңғай әрі тұтас экономикалық саясатты қалыптастырудың көп еңбекті талап ететін күрделі жұмыс екенін атап өтті.
"Биылдан бастап Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясын іске асыруға кірістік. Стратегияның ережелерін қатаң сақтап, Одақтың қазіргі құқығы аясынан шықпау керек деп есептеймін. Біздің жұмысымыз бен Одақтың қызметі жалпы сыртқы серіктес елдердің зор қызығушылығын туғызып отырғанын ескеру маңызды. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді", - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, өзара құрмет пен конструктивті диалогты сақтау Одақ аясындағы ұзақ мерзімді әрі берік ынтымақтастықтың негізі екенін атап өтті.
Elbasy.kz Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде пандемия мен дағдарысты еңсеру, жалпы ішкі нарық қағидаттарын шектеулерсіз сақтау, сондай-ақ, заманауи дамудың жаңа бағыттарын айқындау үшін бірлескен шаралар қабылдау қажеттігін атап өткенін хабарлады. Елбасы интеграциялық бірлестікке қатысушы елдердің азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ете алатын ЕАЭО ішінде импортты алмастыру бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі туралы айтты.
"Бүгінде ЕАЭО елдерінің экономикалық белсенділігін арттыру бойынша жұмысты бұрынғыдан да күшейту қажет. Жаһандық сенім дағдарысы мен геосаяси іркілістер жағдайында жаңа қатысушылар үшін ашық және басқа да интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтастыққа дайын Одақты сақтап, нығайтудың маңызы зор. Тек тараптардың біріккен күш-жігері ғана экономикамыздың өсуін қалпына келтірудің кілті", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ЕАЭО-дағы қазақстандық төрағалықты қорытындылай келе, Назарбаев Өзбекстанға бақылаушы мемлекет мәртебесін беруді және ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптады. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан Республикасын ЕАЭО-ға бақылаушы мемлекет ретінде шақыру мүмкіндігі туралы айтты.
Отырыс барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті ЕАЭО-ның Еуропалық Одақпен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен және түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында "Үлкен Еуразия" төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынды.
2022 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына Қырғыз Республикасы төрағалық етеді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Садыр Жапаровты құттықтап, алға қойған мақсатқа сәтті қол жеткізуіне тілектестік білдірді.
Кеңейтілген форматта өткен шара соңында Еуразиялық одаққа мүше елдердің басшылары талқылауды шағын құрамда жалғастырды.
Жиын қорытындысы бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталған 20 құжат қабылдады.
Шешімдер:
- Навигациялық пломбадағы бар ақпаратты қорғаудың бірыңғай шараларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы.
- Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №16 шешімінің орындалу барысы туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақтың 2022 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесі туралы Ережеге өзгерістер енгізу туралы.
- Құрылыс саласында қызмет көрсетудің бірыңғай нарығының жұмысын қамтамасыз ету туралы.
- Қызмет көрсетудің бірыңғай нарығының жұмысы аясында бағалау қызметін іске асыру шарттарына арналған ортақ тәсілдер туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақтың 2021 жылғы бюджетінің жұмсалуы жөніндегі есеп туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақтың 2022 жылға арналған бюджеті туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақтың сотына жүгіну кезінде кәсіпорындар төлейтін салық мөлшерін бекіту туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету туралы.
- Қырғыз Республикасындағы мемлекеттік басқару секторының қарыз мөлшерін азайтуға бағытталған бірлескен шаралар туралы.
Өкімдер:
- Еуразиялық экономикалық одақ аясында жеке секторлар жөніндегі либерализациялау жоспарын іске асыру туралы.
- Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын өткізу уақыты мен орны туралы.
Тапсырмалар:
1. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің "Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары туралы" 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №12 шешімінің іске асырылу барысы туралы.
2. Ресей Федерациясының ағаш материалдарын сыртқа шығаруға қатысты 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін шектеулері туралы.
Қол қойылған халықаралық шарттар:
- Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану жөніндегі келісім.
- Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама ("II Үлкен Хаттама").
- Еуразиялық экономикалық одақ аясында аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісім.
- Кедендік транзиттің кеден рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде кеден салығын, салықтарды, арнаулы, демпингке қарсы, өтемдік баж салығын төлеу жөніндегі міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктері туралы келісім.
- 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына енетін жеке халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдану жөніндегі шарттар мен ауыспалы ережелер туралы Хаттамаға өзгертулер енгізу туралы Хаттама.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также