ПОДЕЛИТЬСЯ
31 қазан 2020 | 12:34
Желіде экс-министр Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды
Желіде Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Желіде Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақпарат Telegram-дағы бірнеше арнада анықтамалық құжат түрінде жарияланды. Кейінірек бірқатар БАҚ ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ұсталғанын мәлімдеді.
Tengrinews.kz тілшісі ресми органдарға сауал жіберді. Қазіргі уақытта экс-министрдің ұсталғаны туралы ақпарат расталған жоқ, бірақ жоққа да шығарылмады.
Кейінірек Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитеті Біртановтың "ұсталғаны" туралы ақпаратқа түсінік берді. "Бұрынғы ҚР денсаулық сақтау министріне қатысты тергеу әрекеттері туралы мәліметтер ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес жарияланбайды", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Еске салайық, Елжан Біртанов биыл 25 қаңтардан 25 маусымға дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болды. Ол қызметінен кетер алдында коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. Сол кезде Біртанов ауруы пневмонияға асқынғандықтан, оған қосымша емделу қажет екенін хабарлаған еді. Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшысы - Алексей Цой.
Айта кетейік, Біртанов 2015 жылдың 12 қарашасынан бері ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болып қызмет атқарған еді. Бұл қызметіне дейін ол "Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығы" ЖШС Басқарма басшысы қызметін атқарған болатын.
Елжан Біртанов 1971 жылдың 18 қазанында Тараз қаласында дүниеге келген. Ол Алматы медициналық институтында, Аризона штатының университетінде, Ресей медициналық дипломнан кейінгі білім академиясында, Шарите университеттік клиникасында (Германия), Тұран университетінде, Duke University, Fuqua School of Business (АҚШ), Global Executive MBA магистратурасында білім алған.
Ол Алматы қаласындағы жедел медициналық көмек көрсету емханасының дәрігер-реаниматологы, Республикалық токсикология орталығының жетекшісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас токсикологі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі "Денсаулық сақтау саласын дамыту институты" РММ директоры, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ Басқарма басшысының орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, сондай-ақ, "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ Басқарма басшысы қызметтерін атқарған. 2014 жылдың мамыр айында Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығының Басқарма басшысы болып тағайындалған болатын. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Медицина ғылымдарының докторы.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также