Желіде қазақстандықтардың жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болды: компания не дейді?

Желіде қазақстандықтардың жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болды: компания не дейді? Фото:depositphotos.com

Желіде Daryn.online білім беру платформасы пайдаланушыларының дербес деректері жаппай таралып кеткен болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

4,2 миллион оқушы мен мұғалімнің деректері даркнетке түсті ме?

Мәселен, ThreatMon платформасында Daryn.online білім беру платформасының деректер базасы таралып кеткені туралы жарияланым пайда болды.

Жарнама
Жарнама
Анықтама. ThreatMon платформасы деректердің жылыстауын және даркнеттегі белсенділікті қадағалайды.
Анықтама. Даркнет (Darknet) - бұл интернеттің жасырын бөлігі, оған тек арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы ғана кіруге болады. Даркнет көбіне заңсыз әрекеттер үшін: тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді сату, зиянды бағдарламаларды тарату, ұрланған деректермен сауда жасау және басқа да қылмыстар үшін пайдаланылады.

Жарияланым авторларының айтуынша, белгісіз біреу даркнет-форумдардың біріне платформаның 4,2 миллион пайдаланушысы туралы ақпараты бар деректер базасын шығарған.

ThreatMon хабарлауынша, базада оқушылардың, мұғалімдердің және платформа әкімшілерінің дербес деректері болуы мүмкін. Олардың мәліметінше, жарияланған деректер тізімінде мыналар көрсетілген:

  • аты-жөні;
  • телефон нөмірлері мен электрондық пошта мекенжайлары;
  • ЖСН;
  • жасы мен жынысы;
  • құпиясөз хэштері;
  • пайдаланушылардың рөлдері;
  • үлгерім туралы мәліметтер;
  • соңғы IP-мекенжайлар.

Тексеру басталды

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті желідегі хабарламаларға қатысты пікір білдірді.

"Қазіргі уақытта министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ашық дереккөздерде жарияланған ақпаратты зерделеп жатыр. Тексеру нәтижелері қосымша хабарланады", – деп мәлімдеді ведомство.

"Бұл ескі ақпарат": компания не дейді?

Платформа өкілдерінің айтуынша, деректердің таралып кеткені туралы хабарламалар алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында пайда болған.

"Осыдан кейін Daryn.online ақпараттық жүйелері уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен тексеруден өтті. Тексеру нәтижесі бойынша пайдаланушылардың дербес деректерінің жылыстау фактісі расталмады. Қазіргі уақытта таралып жатқан ақпарат бұрын тексерілген материалдарға негізделген және шындыққа жанаспайды", – деп хабарлады компания.

Анықтама: Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, Daryn.online - мектеп оқушыларына ҰБТ-ға және басқа да емтихандарға дайындалуға арналған халықаралық білім беру платформасы. Жобаның негізі 2019 жылы қаланған.

Компания пайдаланушыларды тек ресми беттерде жарияланған ақпаратқа сенуге шақырды.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама