ПОДЕЛИТЬСЯ
22 наурыз 2022 | 10:00
Жеті өңір - жеті түрлі наурыз көже. Қазақстандық әйелдер көже жасау сырын бөлісті
Наурыз көже - тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы. Оны қазақта жеті түрлі дәмнен жасайды. Кей өңір жеті түрлі түстен жасаймыз дейді. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанның әр өңірінің тұрғындарымен сөйлесіп, наурыз көжені қалай жасайтынын сұрады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Наурыз көже - тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы. Оны қазақта жеті түрлі дәмнен жасайды. Кей өңір жеті түрлі түстен жасаймыз дейді. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанның әр өңірінің тұрғындарымен сөйлесіп, наурыз көжені қалай жасайтынын сұрады.
ШҚО Ұржар ауданы Қарақол ауылының тумасы Айгүл Досбаева ең бастысы, наурыз көже міндетті түрде сүрленген жылқының етінен дайындалуы керек дейді. Ол дақылдарды бөлек пісіріп алу маңызды екенін айтты, себебі көжемен бірге піссе сорпа қоюланып, дақылдар жабысып қалады.
Айгүл Досбаева наурыз көжесіне мынадай 7 түрлі дәм қосады:
Сүрленген жылқының еті, қазы Күріш Арпа жармасы Тары Қайнатылған құрт Айран Тұз"Осының барлығы алдын ала пісіріледі, кейін еттің сорпасына біріктіріп, араластырып, көжені дайындаймыз. Етті қасыққа оңай ілінуі үшін ұсақтап тураған ұнайды. Сүр ет пен қазының, сорпа, құрттың, дақылдарды пісіргенде қосылған тұзы жеткілікті болуы мүмкін, сондықтан дәмін байқап көру керек", - дейді ол.
Алматылық Гүлназ Қожахметова да көжеге жеті дәм қосатынын айтты.
"Ол - су, қазақтың негізгі асы - ет, дақылдардан бидай мен арпа қосқанды жақсы көремін. Қолдан кеспе илеп саламын. Дәміне қарай тұздап, қолдан ұйытылған айран құямын. Соңғы жылдары тары, жүгері, маш қосып көрдім. Бұлай да дәмі керемет шығады екен. Дақылдарды бөлек пісіріп алған жөн. Жалпы қолда бар, қыстан қалған дақылмен жасаймын", - дейді ол.
Ал семейлік Аружан Дінсілямова наурыз көжеге қара мейіз қосатынын айтты.
"Су, ет, оның ішінде қазы да бар, арпа, бидай не күріш, түсі ағаруы үшін қайнатылған құрт, қара миіз, тұз қосамыз", - дейді ол.
Өскемендік Аққазы Серікгүл алдымен етті бір қайнатып, көбігін алған соң, бидайды пісіреді екен.
"Біраздан соң арпа салады. Бір жарым сағаттан соң күріш, сөк, тары саламын. Тұзын дәмін көремін. Болған соң құрт қосып іше береміз", - дейді ол.
Жезқазғандық Лаура Рахымжанованың отбасы да наурыз көжені жасау жолын айтып берді. Оның сөзінше, наурыз көжеде жылқының еті міндетті түрде сүрленген болуы тиіс. Оны алдын ала пісіріп алып, ұсақтап турап қояды екен.
"Сорпаға түрлі дақылды аз-аздан саламыз. Оған арпа, бидай, күріш қосуға болады. Әдемі түс беру үшін сары жүгері дәнін қосамыз. Осының бәрі піскенде, туралған етімізді қосып, артынан "Таң" құямыз", - дейді ол.
Ал еліміздің батысында, әсіресе Ақтауда наурыз көже аса жасала бермейтін сыңайлы. Назира Сейтқалиеваның сөзінше, оның отбасы Наурызда көбіне ет асып, дастархан жаяды екен.
"Біз жақта түйе көп қой, негізінен шұбат қоямыз. Ал наурыз көже аса танымал емес", - дейді ол.
Ақтаудың тағы бір тұрғыны соңғы жылдары наурыз көже жасамай кеткенін айтты.
"Негізі бізде жеті дәм емес жеті түс қосатын. Қызыл деген ет, қара деген тұз, сары - жүгері және басқалары. Бірақ соңғы жылдары жеті тағам дейтін болдық. Ал жалпы наурыз көжені құрт, айран қосып жасаймыз", - дейді ол.
Ал Алматы облысы Жамбыл ауданында Дегерес ауылының тұрғыны Кекілік Патықова наурыз көжеге нан илеп қосады екен. 71 жастағы кейуана наурыз көжені жылда қалдырмай жасайтынын айтты.
"Қыстан бері сүрленіп қалған етімізді асып көже жасаймыз. Ұзақ пісетін дақылдарды бөлек дайындап алуға тырысамын. Әр жылы әр түрлі дақыл қосамыз. Біз наурыз көжеге қолдан кеспе жасап салса, тойымды болады. Мерекеде наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады", - деп бөлісті әжей.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также