Жезқазғанда қаланы абаттандыруға қатысты тағы бір дау туды. Бұл жолғы мәселе – орталық көшелердің бойына төселіп жатқан жасанды көгал, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жұмыс әлі толық аяқталмай жатып, тұрғындар қатты желден кейін жабынның кей жері көтеріліп, қайырылып қалғанын байқаған. Бұл жағдайды жергілікті қоғам белсендісі Берік Жағыпаров сынға алды. Оның айтуынша, қаланың көркін ашуға тиіс жоба Жезқазғанның желді ауа райына алғашқы сынақтан-ақ шыдас бере алмаған.
"Жасанды көгал күзді де, қысты да, көктемді де күтпей, ерте “кетуге” бел буған сияқты. Жаңа төселген жабынның кей бөліктері алғашқы қатты желден-ақ көтеріле бастады. Қонақтарға, делегацияларға және есеп үшін әдемі көрініс жасағысы келген еді, бірақ Жезқазғанның үйреншікті желі оған мүмкіндік бермеді", — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Жергілікті белсенді бұған дейін Жезқазған тұрғындары мұндай мәселе туындауы мүмкін екенін ескерткенін айтты. Оның сөзінше, қатты жел мен шаңды дауыл қала үшін таңсық емес. Сондықтан көпшілік әуел бастан-ақ синтетикалық жабын төсеу шешіміне күмәнмен қараған.
"Жезқазғанға декорация мен көгалдандырудың имитациясы емес, нағыз ағаштар, нағыз саябақтар мен нақты шешімдер керек сияқты. Өйткені бұл қаланың желі абаттандыру мен көзбояушылықтың аражігін тез-ақ ажыратып береді", — деді Жағыпаров.
Сын күшейген соң шенеуніктер тұрғындар көрсеткен жағдайды жабынның бүлінуі емес, жұмыс барысындағы уақытша көрініс деп түсіндірді. Олардың айтуынша, видео түсірілген кезде жасанды көгал әлі толық бекітілмеген, тек кейін тегістеп, мықтап бекіту үшін алдын ала жайылып қойған.
Әкімдік өкілдері жасанды жабын барлық жерге төселмейтінін де атап өтті. Ол тек инженерлік желілер өтетін аумақтар мен тіректердің маңында қолданылады. Ал абаттандыру жобасына кірген қалған жерлерге табиғи көгал егу жоспарланған.
Билік өкілдері Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 30 миллион теңгеден аса сомаға жасанды көгал сатып алуды көздеп отырғанын растады. Алайда шенеуніктердің сөзінше, бұл қаражат қала көшелеріне емес, 2023 жылы жөнделген футбол, волейбол және баскетбол алаңдарының жабынын ауыстыруға арналған.
"Жасанды көгал шаңның түзілуін және қатты жел кезінде құмның ұшуын азайтуға көмектеседі, тазалықты сақтауға септігін тигізеді және қоғамдық кеңістіктердің сыртқы келбетін жақсартады", — деп хабарлады тілшіге Tengrinews.kz Жезқазған әкімдігінен.
Еске салайық, Жезқазғандағы жасанды көгалға қатысты пікірталас бірнеше күн бұрын Омаров көшесіндегі жұмыстар түсірілген видео жарияланғаннан кейін басталған болатын. Сол кезде жезқазғандықтар қала көшелеріне өсімдіктердің орнына синтетикалық жабын төселе бастағанына наразылық білдірген еді.
Қала әкімдігі бұған дейін Омаров көшесінің бойына жабын төсеу жұмыстары бюджет есебінен емес, жобаға демеушілік жасаған кәсіпкерлердің қаражатына жүргізіліп жатқанын түсіндірген болатын.