Жиһаз жасатуға тапсырыс берген ақтөбелік алаяқтың құрбаны болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері 28 жастағы Ақтөбе тұрғынының арызы бойынша жиһаз дайындаумен айналысқан, алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азаматты анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, ол әлеуметтік желілер арқылы жиһаз дайындау жөніндегі хабарландыруды көріп, тапсырыс берген.
Күдікті алдын ала төлем жасауды сұраған, соған келіскен әйел ас үй жиһазы үшін 2 миллион 300 мың теңге көлемінде ақша аударған. Алайда ақшаны алған соң ер адам байланысқа шықпай кеткен.
"Жүргізілген тергеу іс-шаралары барысында ұсталған күдіктінің басқа да кемінде үш азаматты дәл осындай жолмен алдағаны анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Полиция ескертеді: интернет арқылы тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беру кезінде сатушылар туралы мәліметтерді мұқият тексеріп, бейтаныс тұлғаларға алдын ала төлем жасамау және тек тексерілген ұйымдармен келісімшарт жасасу қажет.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!