1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Жол-көлік оқиғасына ұшырағанда не істеу керек: Заңгер кеңестері22 маусым 2017, 11:22

16 маусымда Алматыдағы әл-Фараби даңғылында қоғамды дүрліктірген жантүршігерлік жол апаты болды. Екі қыз Honda CRV көлігімен батыс бағытта жүріп келе жатқанда дөңгелектері люкке түсіп кетіп, жарылған. Олар жолдың сол жақ жолағына тоқтап, апат белгісін қосып, көліктен шыққан. Осы қатармен жүріп келе жатқан Toyota Camry ортаңғы жолаққа өтпек болады, бірақ, осы кезде көлікті артында келе жатқан автобус соғады. Соққыдан Toyota Camry көлігінің артқы жағы Honda көлігіне соғылады. Бір қыз көліктердің ортасында қалып қояды, ал екіншісі ұшып кеткен. Олар бірден ауруханаға жеткізілді. Операция кезінде Екатерина Парафиеваның екі аяғын кесіп алып тастауға тура келді, ал екінші қыз Найля Қажыбаева миы зақымдалып, өзге де жарақаттар алған. Осыдан кейін Желі қолданушылары дөңгелек жарылғаннан кейін қыздарға жолдан шығып кету керек еді деген пікір қалдырған.

Tengrinews.kz тілшісі заңгер Джохар Өтебековтен ЖКО кезінде не істеу керектігі жайында сұрады. 

ЖКО-ға тап болсаңыз алдымен не істеу керек?

- Көлікті тоқтату.

- Апат жарық белгісін қосу.

- Зардап шеккендерге көмектесіп, жедел жәрдем шақыру.

- ЖКО болған орыннан 15 метр жерге апат белгіні қою.

- Полиция шақыру.

- Оқиға орнында ешнәрсені қозғамау.

- Куәгерлердің аты-жөнін жазып алу.

- Болған жайттың бәрін видеоға және суретке түсіру.

Оқиға болған жерді суретке қалай түсірген жөн?

Айнала. ЖКО болған жерді жалпылай, соқтығысқан көліктерді қоса. Сонымен бірге, өзге көлікті басқарған адамды да түсіріп алуға кеңес беретін едім. 

Полицияны барлық жағдайда шақыру қажет пе?

Заң бойынша полицияны әрқашанда шақыру керек. Заңның жетік болмауы жол-көлік оқиғасына қатысты адамдардың бір-біріне наразылығын өздігінше реттеуге көз жұма қарап, әкімшілік жауапкершілік туралы хаттаманы толтырмайды. 

Жалпы көлікті оқиға болған орыннан жылжытуға бола ма?

Егер өзге көліктер мүлде өте алмай жатса ғана жол шетіне шығаруға болады. Басқа жағдайда сізге айыппұл салады. Оның үстіне көлікті орнынан қозғалтқаныңызды сізге қарсы қолдануы мүмкін. Полиция келіп, хаттама толтырғанға дейін олай етпеуге кеңес беретін едім. 

Ал инспектор қандай құжаттар беруі тиіс?

Полиция инспекторы оқиға орнында кінәлі мен зардап шеккен адамға әкімшілік заңбұзушылық пен оқиға орнына қарау жүргізілгені туралы хаттама көшірмесін тапсырып кетуі тиіс. 

Егер ЖКО жолдағы шұңқыр кесірінен болса?

Жауапты мердігерді іздеген жөн. Инспектордан хаттамада жолдағы шұңқырға, люк, тор немесе жолдағы басқа бөгетке сілтеме жасауын талап ету қажет.