ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 10 шілде 2026 11:45
Жұмысқа жібермеу және жыл сайынғы емтихан: Еңбек министрлігі жаңа ережелерді кейінге қалдырды
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен білімді тексерудің жаңа ережелерін енгізу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жаңа ережелерді енгізу неліктен кейінге қалдырылды?
Еңбек министрлігінің хабарлауынша, 2026 жылғы 30 мамырдағы №223 бұйрық қабылданғаннан кейін ведомствоға жұмыс берушілерден, оқу орталықтарынан және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінен өтініштер түскен.
Осыған байланысты министрлік жаңа талаптардың күшіне ену мерзімін жарты жылға жуық уақытқа - 2026 жылғы 12 шілдеден 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін шегерді.
"Жаңа талаптар күшіне енгенге дейін ведомство оларды барлық мүдделі тараппен – әлеуметтік серіктестермен, кәсіподақтармен және бизнес өкілдерімен егжей-тегжейлі талқылауды жалғастырады. Талқылау қорытындысы бойынша теңгерімді шешімдер әзірленіп, қажет болған жағдайда нормативтік реттеуге тиісті өзгерістер енгізіледі", - деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Жаңа ережелерде не қарастырылған?
Бұйрық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен білімді тексеру тәртібін өзгертеді.
Құжат оқу орталықтарына қойылатын бірыңғай талаптарды бекітеді, олардың тізбесін қалыптастыру тәртібін және мамандардың жекелеген санаттарын даярлау ерекшеліктерін айқындайды. Сонымен қатар жұмыс берушілер жұмысшыларды оқытуды салалық мамандарды, кемінде үш жыл еңбек өтілі бар инженерлік-техникалық қызметкерлерді, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметтерінің мамандарын тарта отырып ұйымдастыруы тиіс.
Жаңа ережелерге сәйкес, жұмысшылар жылына кемінде бір рет еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқудан өтуге және білімдерін тексеруге міндетті. Оқудан және білім тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу