Қазақстанда вейптерді, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мән-жайы
Мәлімет бойынша, өнімді өткізу үшін әлеуметтік желілердегі онлайн-дүкендер пайдаланылып, жеткізу курьерлік қызмет арқылы жүзеге асырылған.
"Қылмыстық схемаға қатысушылар конспирация шараларын сақтап, соның ішінде ақшаны қабылдау және кейіннен қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дропперлерді пайдаланған. Қылмыстық табыс сомасы 221 миллион теңгеден асты", - деп хабарлады ведомство.
"Ұйымдастырушы қамауға алынды"
Сот санкциясымен күдіктілердің пәтері мен автокөлігіне арест қойылды. Ұйымдастырушының қамауға алынғаны хабарланды.
"Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Сондай-ақ жыл басынан бері агенттік вейптерді заңсыз өткізу деректері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастағаны белгілі болды. Барлығы 717 мың дана өнім тәркіленді.
Қаржылық мониторинг агенттігі вейптерді қолдану, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында никотинге тәуелділіктің дамуына ықпал ететінін ескертеді.