ПОДЕЛИТЬСЯ
06 шілде 2022 | 09:32
Қапшағайда суға батып кеткен төрт адамның туыстары мәлімдеме жасады
Қапшағайда суға батып кеткен төрт адамның туыстары мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қапшағайда суға батып кеткен төрт адамның туыстары мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бір әулеттің төрт бірдей адамы суға кеткен Қапшағайдағы демалыс орны заңсыз жұмыс істеген. Жабайы жағалау орналасқан жер екі жыл бұрын ауыл шаруашылық мақсатында пайдалануға берілген екен. Алайда кәсіпкер жерін қоршап алып, демалушыларды ақылы кіргізіп қалтасын қампайтуға кіріскен сыңайлы. Демалыс аймағында ешқандай қауіпсіздік талабы сақталмағанын марқұмдардың туыстары да айтып берді. Қара жамылған отбасы суға түспеңдер деген ескертуді ешкім айтпады деп отыр.
Кәмелет жасына толмаған екі бірдей баласынан айырылып, Жәмилә қайғыдан бас көтере алмай жүр. Қапшағай су қоймасындағы қайғылы жайт жалғызбасты ананың еміс-еміс есінде. Себебі 12 мен 15 жастағы екі ұлын құтқарамын деп жанталасқан келіншектің өзі де суға батып кете жаздаған.
"Мен інім Арманның көмек сұрап айғайлағанын естідім. Оның жанында екі ұлым болды. Олардың суға батып бара жатқанын көріп қалай жүгіргенімді байқамадым. Бір уақытта өзім де суға кіріп, шыға алмай жаттым. Есімді жисам жағалауда отыр екенмін. Бірден балаларымды іздедім. Бірақ барлығы тым кеш еді. Ол жер таяз болатын. Алайда екіүш қадамнан кейін шұңқыр бар. Соның кесірінен батттық", - дейді Жәмилә Сабыржанова.
Жеткіншектерді судан алып шығуға ұмтылған Жәмиләнің 30 жастағы туған інісі мен 32 жастағы сіңілісі де ажал құшты. Олардың өлі денесін толқын жағаға бір-ақ шығарған. Ал мектеп оқушыларын сүңгуілер су астынан үш сағатта әрең тауыпты. Немерелері мен балаларының жанұшыра шыққан даусын естіп суға секіріп кеткен Сәлия әжей сол күнді қорқынышты түстей есіне алды.
"Қапшағайға біз екі көлікпен бардық. Балаларды қосқанда 13 адамбыз. Бізге толқын мен үлкен шұңқыр бар екенін ескерткен тірі жан болмады. Адамдар емінеркін суға түсіп жүрді. Мен де бір ажалдан аман қалдым. Айналдырған 15 минуттың ішінде абыр-сабыр болып кетті. Мені қайта бір жігіт құтқарып шықты. Жағажайға кіру үшін бізден ақша алды ма, барлығы қауіпсіздік талаптарына сай болсын. Кәсіпкердің қатаң жазаға тартылғанын сұраймын", - дейді Сәлия.
Бір апта бұрын қайғылы оқиға болған демалыс орны жабық тұр. Осы демалыс аймағына кіру үшін әр көлік үш мың теңгеден төлеуі тиіс. Алайда ақылы жағалауда шомылуға ешқандай жағдай жасалмаған. Мұнда құтқарушылар да, тыйым салу белгілері де мүлдем жоқ.
"Қапшағай су қоймасында оқыс оқиға орын алған жер учаскесі «Индекси» ЖШСне тиесілі. Жер уческесінің пайдалану мақсатындағы санатындағы жерлер болып есептеледі. Көлемі 24 гектар. Аталған жерге демалыс базасын ұйымдастырып, демалушыларға ақылы түрде қызмет көрсетуге тыйым салынады. Қазір енді Алматы облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен бірігіп комиссия құрылып, осы участік жөнінде тексеру жұмыстары ұйымдастырылатын болады", - дейді Қонаев қаласы Ауыл шаруашылық және жер қатынастар бөлімінің басшысы Рауан Жамағатов.
Ағайындылар ағып кеткен демалыс аймағының қожайыны бүгін өз орнында жоқ. Ол оқыс оқиға болған күні де сұхбат беруден бас тартқан болатын. Ал ауыр қазадан әлі күнге дейін есеңгіреген күйі отырған тұтас бір әулеттің мүшелері полиция мен прокуратураға арыз жазбақшы. Айта кетейік, Қапшағай су қоймасында шомылуға ресми рұқсат етілген жеті жағалау бар. Бірақ адамдар көбіне жабайы жағалауларда суға батып кетіп жатыр. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, жаз басталғалы Жетісу мен Алматы облыстарында жеті адам суға кеткен, оның екеуі бала.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также