Қарағанды облысында далада адасып кеткен 13 жастағы баланы табуға көмектескен ерікті марапатталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2 сәуірде полицияға Абай қаласында достарымен серуендеуге шыққан мектеп оқушысы Бейбарыс Рыстың жоғалғаны туралы арыз түскен. Балалар Қарабас кентіне қарай бағыт алған. Алайда кешке қарай Бейбарыс үйіне жаяу, жалғыз қайтуға бел буған.
Жолда ол анасына дауыстық хабарлама жіберіп, адасып кеткенін және телефонының өшуіне небәрі 60 секунд қалғанын айтқан. Кейін телефон қуаты таусылып, байланыс үзілген.
18 жастағы Әділжан Дәуренбеков - Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Инновациялық технологиялар колледжінің бірінші курс студенті. Ол Бейбарыстың жоғалғаны туралы хабарламаға бей-жай қарамай, басқа еріктілермен бірге іздестіру жұмыстарына аттанған.
Әділжан 2 сәуірде көмекке өзінің мотоциклімен шыққан. Студент Дубовка кентінің маңындағы өзен жағасын тінтіп шығуды ұйғарған.
"Далада қар әлі толық ерімегендіктен, жер лайсаң екен. Бірнеше рет батып қалдым. Өзен жағасына шыққанда, егер өзім адассам, судың маңайында жүрер едім деп ойладым. Солай болып шықты. Алдымен қызғылт сары дақты, сосын адамның сұлбасын көрдім. Бала қатты қорыққан, дірілдеп тұр екен, үсті-басы лай болған. Ол көмек сұрады. Оның аман-есен табылғанына қатты қуандым. Өз бауырымды тапқандай болдым", - деді ерікті Әділжан Дәуренбеков.
Бейбарыс 2 сәуірде түске таман даладан табылған.
Әділжан баланы Дубовка кентінің маңынан кезіктірген. Белгілі болғандай, Бейбарыс бағытынан жаңылысып, түнді далада өткізген, қар суын ішіп, үсіп қалмау үшін сағат сайын оянып отырған.
3 сәуірде Теміртауда халықпен есеп беру кездесуі кезінде Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы жоғалған оқушыны іздеуге атсалысқан еріктілердің еңбегін атап өтіп, Әділжанға алғыс хат табыс етті.
"Мен бұның бәрін марапат үшін істеп жатқан жоқпын, бірақ бұл өте жағымды. Еріктілердің атқарып жатқан ісі - үлкен еңбек. Көбіне еріктілер өз жоспарлары мен уақытына қарамай көмекке ұмтылады. Мен еріктілердің адам іздеуге мүмкіндігінше аз шыққанын, адамдардың жоғалмағанын қалаймын. Ал егер жоғала қалса, әрқашан аман-есен табылса екен", - деп толықтырды студент.
Фото Tengrinews.kz
"Бұл - жарқын мысал. Кешегі Абайдағы жағдай: ерікті жасөспірімді бірінші болып тапты. Барлық күш жұмылдырылып, бақытқа орай, ол аман-есен табылды. Әділжанға және полицияға көмектесетін барлық жандарға алғыс айтамын", - деп атап өтті Қарағанды облыстық ПД бастығы Негмет Исмағұлов.
Полиция мәліметінше, өңірде 150-ден астам еріктілер қозғалысы және жоғалғандарды іздеуге, халыққа көмектесуге қатысатын мыңдаған белсенді жұмыс істейді.
Айта кетейік, Қарағанды облысында далада адасып кеткен 13 жастағы мектеп оқушысы табылды. Оны іздестіруге құтқарушылар, полицейлер және еріктілер жұмылдырылған болатын.