ПОДЕЛИТЬСЯ
02 шілде 2021 | 10:24
Карантин "Қазақстан Барысын" онлайн форматқа жіберді
Биылғы балуандар бәйгесінде 37 үміткер бақ сынайды. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда өткен іріктеуден оза шапқандар. Осы үміткерлердің ішінде 11 балуан дүбірлі додаға алғаш рет қатысқалы отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Биылғы балуандар бәйгесінде 37 үміткер бақ сынайды. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда өткен іріктеуден оза шапқандар. Осы үміткерлердің ішінде 11 балуан дүбірлі додаға алғаш рет қатысқалы отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстан Барысы" республикалық турнирі Нұр-Сұлтан қаласында 4 шілдеде Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Нұр-Сұлтан қаласы әлі де "қызыл аймақта" болуына байланысты турнирге көрермен кіре алмайды. Дегенмен, спортсүйер қауым үшін аламан бәйгені тікелей эфирден Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан көруге жағдай жасалуда.
Ұлттық спорт түрлерін насихаттап, төл өнерді жаңғыртуға бағытталған турнир осымен оныншы рет өткелі отыр. Qazaq kuresi қауымдастығының спортты дамыту жөніндегі директоры Бақдаулет Сәбитовтің айтуынша, биылғы турнир дөңгеленген даталармен тұспа-тұс келді.
"Биыл Қазақстан Барысына 10 жыл толса, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және әлемдік деңгейдегі балуан, қазақтың мақтанышы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы. Шара осы мерейтойларға орай ұйымдастырылып отыр", - деп атап өтті ол.
"Қазақстан Барысы" жыл санап қарқын алып, өрісін кеңейтуде, сонымен қатар жанкүйерлердің тұрақты тобы қалыптасып, көрермендердің саны артуда. Осы жылдар ішінде жобаға ауыл, аудан, облыс деңгейінде 100 мыңнан астам балуан қатысқан. Әр жылы турнирді 9 мыңнан астам жанкүйер, 8 миллионнан астам көрермен тамашалайды.
"Айта кету керек, "Қазақстан Барысы" турнирінің биылғы жүлде қоры өзгеріссіз қалды. Жеңімпаз атанған балуанға 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы "тайтұяқ" табысталады. Екінші орынға 5 500 000 теңге және үшінші орынға 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады", - деп атап өтті Сәбитов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Қазақстан Барысы" жобасы ұлттық негіздегі тұлғалар қалыптастыруда маңызды рөлге ие.
Боз кілемдегі белдесу бәсекесінің арқасында жас ұрпақ үлгі тұтатын тұлғалар қалыптасты. Жобаның үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев өз өңірінде спорт саласын дамытып жатса, тұңғыш жеңімпаз - Ұлан Рысқұл қазақ күресінің халықаралық деңгейде насихатталуына қызмет етті.
Турнирдің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров - қазіргі таңда білім саласында жауапты қызметте. Десе де боз кілеммен қоштасқан жоқ. Турнирде өзінен елу келіге дейін ауыр қарсыластарын жамбастап, жеңіл салмақты балуандарға жол ашқан Мұхит Тұрсынов ұлттық құраманың мүшесі, тәжірибелі балуан.
Лондон олимпиадасының қатысушысы Ержан Шынкеев те барыс белдігін иеленген болатын, қазіргі таңда жеке кәсіпкер. "Әскер Барысынан" шығып "Қазақстан Барысы" атанған Еламан Ерғалиев дзюдо және қазақ күресінің белді балуаны.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также