ПОДЕЛИТЬСЯ
28 ақпан 2022 | 16:44
Қасіретті қаңтар: Бас прокуратура билігін асыра пайдаланған қанша қызметкер ұсталғанын айтты
Бүгінде қаңтар оқиғаларынан кейін азаптау және билікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалып, 9 адам ұсталған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгінде қаңтар оқиғаларынан кейін азаптау және билікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалып, 9 адам ұсталған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңейтілген алқа отырысында Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев жаппай тәртіпсіздіктен кейін ұсталған адамдардың құқықтарын сақтау мәселесі ведомствоның ерекше бақылауында екенін атап өтті.
"Бүгінгі таңда азаптау және билікті асыра пайдалану туралы 203 қылмыстық іс қозғалды, олардың ішіндегі қоғам назарына ілінген ең шулы істерді арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Соталды іс жүргізу барысында ұсталғандарға тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдануда күдікті 9 қызметкер анықталып, ұсталды", - деді ол.
Сондай-ақ, Шалабаевтың айтуынша, қаңтардағы қайғылы оқиғаның қорытындысы бойынша терроризм актілері, адам өлтіру, қару-жарақ ұрлау және жаппай тәртіпсіздік бойынша 3 502 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оларды жасады деген күдік бойынша тергеу изоляторларында 737 адам ұсталады.
Ол тергеу аясында 307 адамға бұлтартпау шарасы өзгеріп, босатылғанын, оның ішінде 27 адам кәмелетке толмағанын айтты. Екі кәмелетке толмаған бозбала қамауда, сондай-ақ арнайы прокурорлардан бұлтартпау шарасын ауыстыру бойынша тағы 22 адамға материалдар түскенін айтты.
"Оқиға орнына 1,5 мыңға жуық тексеру жүргізілді, 1500-ден астам сот сараптамасы тағайындалды және жүргізіліп жатыр. Прокуратураға тергеуде рұқсат етілмеген әдістер мен азаптау шараларын қолдануға қатысты 283 өтініш келіп түсті. Құқық қорғау органдарының кінәлі қызметкерлері заң бойынша қатаң жауапқа тартылып, сотталады", - деп сендірді қылмыстық қудалау қызметінің басшысы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также