Астанадағы сұмдық өрт болған "Көркем-3" тұрғын үй кешенінің ауласына кіретін жолды тағы да көлік бөгеп тастады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
12 сәуірге қараған түні Астананың Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында орналасқан пәтерден өрт шықты. Пәтер ішінен үш баланың мәйіті табылды. Өртсөндірушілер бір әйелді құтқарып қалды - ол денесі күйіп, ауруханаға жатқызылды. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетінше шықты. Осыдан кейін факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желілерде көліктердің бірі өрт сөндіру машиналарының жолын бөгеп тастағаны, соның салдарынан олар оқиға орнына уақытында жете алмағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Кейінірек Астана қалалық ТЖД тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберіс темір қақпамен жабық болғанын, ал ауланың іші көліктерге толып кеткенін хабарлады.
Бұған дейін құқық қорғау органдары жүргізушінің анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған болатын.
Не болды?
Бүгін әлеуметтік желілерде "Көркем-3" тұрғын үй кешенінде тағы бір көліктің жолды бөгеп тастағаны туралы кезекті ақпарат тарады.
Жазба астында пікір қалдырушылар елордалық Полиция департаментін жаппай белгілеп, дұрыс қойылмаған көліктердің суреттерін бөлісе бастады.
Дүйсенбі, 13 сәуір күні Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы өрттен зардап шеккен әйелдің жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқанын айтты. Ол №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылды.