ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 15 шілде 2026 08:21
Қайрат Сатыбалдыұлынан тәркіленген бизнес-орталықтың бағасы тағы да арзандады
Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлынан тәркіленген Kaisar Plaza бизнес-орталығы тағы да аукционда сатылмады. Тоғыз қабатты элиталық кешеннің құны бастапқы бағалаумен салыстырғанда қазірдің өзінде 14 миллиард теңгеге төмендетілгеніне қарамастан, нысанға сатып алушы табылмады. Сауда-саттықтың неліктен тағы да өтпеді деп танылғаны туралы толығырақ Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
Кезектегі жеңілдік көмектеспеді
Kaisar Plaza-ны төртінші ай қатарынан сатуға тырысып жатыр. Сәуір айында бизнес-орталық 61,5 миллиард теңгеге саудаланған болатын. Маусымда бағасы 54 миллиардқа дейін түсірілді. Бірақ ол кезде де лот өтпеді.
Баға тағы 7 миллиард теңгеге төмендетілгеннен кейін де сатып алушылар тарапынан қызығушылық байқалмады - сауда-саттыққа бірде-бір қатысушы тіркелген жоқ.
Ал нақты бағасы қанша?
Бағалау есебіне сәйкес, ғимараттың нарықтық құны 44,7 миллиард теңгені, ал оның астындағы жер телімін жалдау құқығы 2,8 миллиард теңгені құрайды.
e-qazyna.kz электронды сауда порталының мәліметінше, сарапшылар бұл сомаларды "мәміле жасасуға ұсынылатын" баға ретінде белгілеген. Соған қарамастан, нысан иесі – "Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания" ЖШС – межені жоғарылатып, лотты қымбатырақ бағамен шығарды.
Kaisar Plaza бизнес-орталығының бағасы өзіндік құнынан неліктен жоғары? Редакция бұл сауалмен Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға жүгінді.
Ондағылар нысан құнын өздерінің "ішкі ережелеріне" сүйене отырып, дербес анықтайтындарын түсіндірді. Қорытынды сома екі тармаққа байланысты:
- тәуелсіз сарапшылардың бағалауы;
- нарықтағы жағдай және ғимараттың инвесторлар үшін тартымдылығы.
"Бизнес-орталықтың алдағы тағдыры компанияның ішкі ережелері мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалады. Оны ашық және жария процедуралар арқылы өткізу басымдық болып қала береді. Шарттар өзгерген немесе өзге де шешімдер қабылданған жағдайда ақпарат белгіленген тәртіппен жеткізіледі", – деп түсіндірді Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания өкілдері.
Алайда актив үшін нарықтан жоғары баға алу әрекеті үш аукционда да нәтиже бермеді. Сауда-саттық өтпегендіктен, ірі бизнес-орталық әлі күнге дейін мемлекеттік компанияның теңгерімінде тұр.
Kaisar Plaza ғимараты туралы
Саудаға шығарылған нысан – Алматыдағы 2017 жылы салынған ірі 9 қабатты сауда-кеңсе орталығы. Ол Желтоқсан көшесі, 115-үй мекенжайында орналасқан.
Құжаттар бойынша ғимараттың жалпы ауданы 64 мың шаршы метрге жуық (63 920 ш. м). Ол мемлекеттен 2031 жылға дейін жалға алынған 0,7 гектар аумақта орналасқан.
Орталықтың өзі бос тұрған жоқ – қазір оны уақытша сенімгерлік компания басқарады, ал аудандарды 53 түрлі кәсіпкер жалға алып отыр.
Айтпақшы, ғимарат құжаттарында сәйкессіздік бар – техникалық төлқұжатта оның ауданы мемлекеттік тізілімдегі көрсеткіштен 7,4 мың шаршы метрге кем.
Техникалық тексеруден кейін анықталғандай, айырмашылық ауданды қайта есептеуден, сондай-ақ іс жүзінде шатыр болып табылатын және жалпы ауданға қосылмаған панорамалық қабаттан (шамамен 2,3 мың шаршы метр) туындаған.
Тағы бір бағаға қатысты жайт бар. Сауда-саттық ҚҚС-сыз (қосылған құн салығы) өтіп жатыр, өйткені ғимараттың қазіргі иесі ("ҚАБЖК" ЖШС) осы салықты төлеуші. Бұл дегеніміз, соңғы сатып алушы қорытынды құнның үстінен салықты қосымша төлеуге тиіс болады.
ҚазКСР Мемжоспарынан Kaisar Plaza-ға дейін: орынның тарихы
Осыдан он жыл бұрын Желтоқсан және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы жер теліміне қатысты үлкен жанжал шыққан еді. Бұрын бұл жерде 1954 жылы салынған ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің (Мемжоспар) тарихи ғимараты орналасқан болатын.
2015 жылы белсенділердің қарсылығына, қол жинауға және алматылықтардың сәулет ескерткішін сақтап қалу туралы талаптарына қарамастан, кеңестік құрылыс толығымен бұзылды. Оның орнына 9 қабатты Kaisar Plaza бизнес-орталығы бой көтерді.
Неліктен Қайрат Сатыбалдыұлы Kaisar Plaza БО-нан айырылды?
Қайрат Сатыбалдыұлы – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Ол билік пен бизнесте мансап жолын құрған: ҰҚК-де басшылық лауазымдарда қызмет еткен, елорда әкімінің орынбасары, "Kazakh Oil" және "Қазақстан темір жолы" компанияларында топ-менеджер болған, ал 2015 жылдан бастап ресми түрде ірі бизнеске кеткен.
2022 жылы ол "Қазақтелеком" және "Көліктік сервис орталығы" компанияларындағы жымқыру деректері бойынша алты жылға бас бостандығынан айырды. сотталды. Кейінірек оған қатысты ақшалай қаражатты заңдастыру (жылыстату) фактісі бойынша жаңа қылмыстық іс қозғалып, ол өз кінәсін толық мойындады.
Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу үшін Сатыбалдыұлы өз активтерін жаппай қайтара бастады. 2024–2026 жылдарға қарай ол қайтарған мүліктің жалпы құны 730 миллиард теңгеден асты. Бұл жылжымайтын мүліктердің арасында Kaisar Plaza люкс бизнес-орталығы да бар. Сол кезде ол 33,5 миллиард теңгеге бағаланған болатын.
Қайрат Сатыбалдыұлынан тағы не тәркіленді?
Kaisar Plaza-дан бөлек, Қазақстандағы және шетелдегі ондаған басқа да элиталық нысандар мемлекет меншігіне өтті:
- DoubleTree by Hilton қонақ үйі – 6,49 миллиард теңге;
- "Байсат" базары – 15,9 миллиард теңге;
- "Мегатау" сауда үйі – 8,9 миллиард теңге;
- Астанадағы "АрСат" (8,9 миллиард), "Майсат" (5,2 миллиард) және "Оптимум" (3,2 миллиард) бизнес-орталықтары;
- Kaisar Tower БО – 7,9 миллиард теңге;
- Астанадағы құны бес миллиард теңге болатын үш зәулім үй.
Бұдан бөлек, активтер шетелден де қайтарылды - ондаған миллиард теңгелік ақша, жылжымайтын мүлік пен бағалы қағаздар. Соның ішінде Австрия, Лихтенштейн, Түркия және БАӘ-ден қайтарылған дүниелер бар.
Олардың қатарында: БАӘ-дегі шамамен 20 миллиард теңге тұратын екі вилла, Францияның Лазурлы жағалауындағы 4 миллиард теңгеге жуық төрт пәтер, Мәскеудегі 5 миллиард теңгелік 15 жылжымайтын мүлік нысаны, Түркиядағы (Бодрум мен Ыстамбұл) 4 миллиард теңгеден астам соманың мүлкі бар.
Нәтижесінде 2024 жылдың тамызында Өскемен соты Қайрат Сатыбалдының жазаны жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот келісімін беріп, бас бостандығынан айыру жазасының қалған мерзімін 3 жыл, 3 ай және 7 күнге бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу