ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 08 шілде 2026 16:51
Қазақстан Ирандағы жалға алынған аумақ маңына соққы жасалғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді
Сауда және интеграция министрлігі Бендер-Аббас портындағы қазақстандық учаскеге соққы жасалғаны туралы ақпаратты теріске шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
7 шілдеде көлік-логистикалық терминалын салу үшін Иранның Бендер-Аббас портында Қазақстанға жер учаскесін беру туралы келісімге қол қойылғаны белгілі болды. Алайда бірнеше сағаттан кейін АҚШ Иранның оңтүстігіне, соның ішінде болашақ қазақстандық нысан орналасатын Бендер-Аббас ауданына әуеден соққы жасағаны туралы хабарлар тарады.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық учаскеге зақым келмегенін хабарлады.
"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ол жерге жекелеген әуе соққылары жасалған, біздің учаскеге ешқандай соққы жасалған жоқ. Сондай-ақ Қазақстан бұл жер телімін жуырда ғана алды, оның аумағында ешқандай инфрақұрылым жоқ", – деп Tengrinews.kz-ке СИМ ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова пікір білдірді.
Бұған дейін БАҚ-та Бендер-Аббас ауданындағы нысандарға, соның ішінде порт инфрақұрылымына соққы жасалғаны туралы ақпарат пайда болған еді.
Қазақстан Шахид-Раджаи портынан учаске алды
Иран Ислам Республикасының Порттар және теңіз қатынасы ұйымында Шахид-Раджаи портындағы (Бендер-Аббас қаласы) жер телімін қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін беру жөніндегі BOT келісіміне ресми қол қойылды.
Қазақстан тарапы атынан келісімге Сауда және интеграция министрлігінің "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ жанындағы QazExportPromotion корпоративтік қорының бас директоры Аман Малғаждаров, Иран тарапынан Хормозган провинциясы Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы – "Шахид-Раджаи порты" арнайы экономикалық аймағының басшысы Хоссейн Аббас Нежад қол қойды.
Келісім 27 жыл мерзімге жасалды. Оның ішінде 2 жыл терминал құрылысын жүргізуге, ал кейінгі 25 жыл нысанды пайдалануға арналған. Ал жобаның үшінші жылында терминалды коммерциялық пайдалануға беру жоспарланған.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан мен Иран арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болмақ. Иранның ең ірі портында Қазақстан терминалының құрылуы "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін нығайтуға, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық өнімнің Парсы шығанағы елдерінің, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның, сондай-ақ Шығыс Африка нарықтарына тиімді шығуын қамтамасыз ету арқылы экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу