Ақордадағы Қазақстан мен Моңғолия президенттерінің келіссөздері барысында көлік-тасымал саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсух мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік. Бұл – әрине, жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе. Десек те, ең бастысы, жол құрылысы бойынша мақсатымыз – бір. Сол себепті біз құрметті Президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес алдымен бірлескен Үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды, көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақтылы орындалуын қадағалайды", - деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, алдағы уақытта Қазақстан – Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық.
"Бұл жолдың игілігін іргелес елдер де көретін болады. Баршаңызға мәлім, мен былтыр Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Саммитінде "Трансалтай сұхбат алаңын" құруды ұсындым. Алтайдың төрт жағын мекен еткен мемлекеттердің сауда, көлік-логистика, туризм, мәдениет саласындағы мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келуіне толық мүмкіндік бар. Осы ретте төрт елдің көлік-логистика әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жұмыс істей аламыз. Бұл қадам алыс-берісті ғана емес, "Алтай" бірегей туристік кластерін дамытуға жол ашады. Сонымен бірге әуе қатынасын жандандыру маңызды".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!